ШЫМКЕНТ: ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА 100 БАЛАЛАР АЛАҢШАСЫ САЛЫНУДА

270
0

Шымкенттегі Әл-Фараби аудандағы 672 көпқабатты тұрғын үй алдында 400 аула бар. Оның басым бөлігіне балалар алаңшалары салынған. 161-іне қажеттілік туындаған. Осыған орай, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында биыл аудан бойынша 100 балалар алаңшасы салынуда. Қалғанының құжаттары қаралуда. Бұған қоса спорт алаңшалары да жөнделетін болады. 

Алаңшалар салынған үй тұрғындары атқарылған жұмыстарға дән риза. Соның бірі «Қарасу» шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйдің төрайымы Людмила Розанова. Өз кезегінде ол «Ауламызда балалар алаңшасының болмағанына 30 жылдан асты. Тіпті есік алдындағы аяқ бүгіп отыратын орындықтар да қирап кеткен. Енді міне есіктің алды жайнап тұр. Бүлдіршіндер тұрмақ қариялардың қуанышында шек жоқ. Айтар алғысымыз шексіз»,-деді.

Әл-Фараби ауданының аумағында салынып жатқан балалар алаңшасының құрылысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов мердігер компания өкілдеріне сапаға айрықша мән беруді тапсырды. Және де тұрғындардың үйінде отырған сәтін ұтымды пайдаланып, құрылысты дер кезінде  әрі сапалы аяқтауды жүктеді.
Бір қуанарлығы құрылысқа қажетті заттардың барлығы отандық. Тіпті ойын алаңшасына төселетін резеңке төсеніштің өзі Шымкентте жасалады екен.

Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, ауданда  15 гүлзар мен аллея салу жұмысы да қарқынды жүріп жатыр.
Сапар барысында қала әкімі А.Асқаров көшесіндегі 9-үйдің қазіргі ахуалымен танысты. Тұрғындар өтінішіне құлақ асқан Мұрат Әйтенов сараптама жүргізіп, қажеттілік болса, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жауаптыларға жүктеді.

uakit.kz