ШЫМКЕНТТЕ 63 ТОННА ҚЫРЫҚҚАБАТ ТЕГІН ТАРАТЫЛДЫ

302
0

Бүгін Шымкентке қырыққабат әкелген Мырзашөл өңірінің диқандары қала тұрғындарына бір күнде 63 тонна қырыққабатты тегін үлестірді.

Қасиетті Рамазан айында қала әкімінің бастамасымен әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тұрғындарға тарту жасаған диқандар:

– Біздің көздегеніміз – мұқтаж жандарға көмек беру арқылы сауап жинау, індет тараған тұста қаладағы ағайынға аз да болса қуаныш сыйлау, — деді.

Өз кезегінде ерте пісетін бақша өніміне қол жеткізген шымкенттіктер сауапты іске ұйытқы болған азаматтарға айрықша алғыстарын айтты.

– Рамазан айында халыққа көмек беріп жатқан диқандар мен қала әкімдігіне рақмет! Жақсылықтарыңыз еселеніп қайтсын, деген азаматтар өздеріне тиесілі бақша өнімдерін алып, тарқасты.

    Айта кетейік, қаладағы «Ақ мешіт», «Абдул Хамид Каттани», «Байғұт баба» сынды мешіттердің маңында қайырымдылық жасап бақша өнімдерін таратқан кәсіпкерлер игі істі   «Достық» шағынауданы мен «Қайнарбұлақ» саяжайында жалғастырды.

Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы.