КӘСІПОРЫНДАРҒА КАРАНТИН ЕРЕЖЕСІН САҚТАУ ТАЛАБЫ ҚОЙЫЛЫП ОТЫР

346
0

Шымкентте өндірісі өркен жайған кәсіпорындар көп-ақ. Олар өндірген өнімдер өз ортамызда былай тұрсын, әлемге танылып жатқаны шындық. Бірақ пандемияға ұласқан коронавирус түтіні түзу шыққан қаншама кәсіпорындардың жұмысын біраз тұралатып тастағаны жасырын емес. Ағымдағы жылдың 11-мамырында елімізде төтенше жағдай режимі алынғаннан соң, біраз кәсіпорындар жұмысына қайта кірісуді бастап кетті. Дей тұрғанмен, індеттің қаупі сейілмегені шындық. Осыған орай өндіріс орындары карантин талабын барынша қатаң сақтауы қажет. Жуырда төтенше жағдайдан кейін жұмысына қайта кіріскен кәсіпорындар аралаған қала әкімі мекеме басшыларына осындай талаптарды алға тартты.

2013 жылы іске қосылған «Бал Текстиль» кілем зауытының жылдық қуаттылығы 6 миллион шаршы метр кілемді құрайды. Жобаның инвестициялық құны 11 миллиард теңге болатын зауыт бүгінде 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын үй ажарын ашатын қызылды- жасылды кілемнен бөлек, полипропиленді жіптерді де шығарады. Сапа жағынан Бельгия және Германия елдерінің өнімдерінен кем түспейтін «Баль текстиль» кілемдері отандық нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, Германия, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан сынды елдерге де экспортталады.

Жыл сайын қанатын кеңге жайып келе жатқан кәсіпорын түрлі қайырымдылық шаралардың да бел ортасында жүреді. Мәселен,  аталған кәсіпорын осы айда суға малынған Мақтаарал халқын демеу үшін жалпы құны 6 млн. теңге болатын 400 кілемді тарту еткен болатын.

Бұдан бөлек қала әкімі Мұрат Әйтенов инвестициялық құны 1 млрд. 800 млн. теңгені құрайтын «Әлем БТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне табан тіреді. Аталған шұлық-тоқыма зауытының жылдық қуаттылығы 20 миллион жұп өнімді құрайды. Ерлер, әйелдер мен балаларға арналған  шұлық шығаратын зауытта тұтынушылар таңдауына зор мән берілген. Ондағы шұлық өнімдері ассортиментінің түрі 200-ден асатыны соның жарқын мысалы.

Содан соң, Мұрат Дүйсенбекұлы итальяндық технология бойынша заманауи түрік жабдықтарында аяқ-киім шығаратын «СП «LuxShoes» ЖШС-нің жұмысын көрді. Жылына 120 мың жұп таза былғарыдан жасалған өнім шығаратын зауыт өз тауарларын жергілікті  нарыққа шығарады.

Айтпақшы, осы аптада еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов індеттің таралуы жұмыс режимі қашықтықтан істеуге келмейтін кәсіпорындардан шығып жатқанын  мәлімдеді. Министр өз сөзіне мысал ретінде Атырау облысындағы Теңіз кенішін, Шымкент қаласындағы «ПетроҚазақстан» ұйымы мен елорда мен Түркістан облысындағы құрылыс кәсіпорындарын тілге тиек еткен-тін.

uakit.kz