1 ТРИЛЛИОННЫҢ 45,3 МИЛЛИАРДЫ ШЫМКЕНТКЕ БАҒЫТТАЛҒАН

354
0

Елімізде коронавирусқа байланысты дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңге бөлінген болатын. Бастапқыда жұрт осы қаржының барлығы коронавирус дертімен күрес шаралары үшін жұмсалды деп жаңылыс түсінген болатын. Кейіннен еліміздің Қаржы министрлігі 6 триллион теңгенің қандай мақсаттарға жаратылатынын жіктеп-жіліктеген.  Ведомства ұсынған мәліметте  6 триллион теңгенің  1 трлн. теңгесі жұмыспен қамтудың жол картасын қаржыландыруға жұмсалатыны айтылған. Осы қаржының ішінде 45,3 млрд. теңге Шымкент шаһарына бағытталып отыр.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов журналистермен өткізген онлайн конференция кезінде мәлімдеді.

Шаһар басшысы миллиардтаған қаржы есебінен 224 инфестициялық жоба жүзеге асып, 8380 жұмыс орын ашылатынын мәлімдеді. 

Ағымдағы жылдың 12-мамырында  қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр аталған жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланғанын, 67 жоба аясында 2 141 жұмыс орны ашылып, 532 азамат жұмыспен қамтылғанын мәлімдеген болатын.

Қала әкімі 25-мамырдағы жағдай бойынша  190 жоба аясында 2641 жұмыс орны ашылып, 1036 адам жұмыспен қамтылғанын  атап өтті.

Бірақ ол, сегіз мыңнан астам жұмыс орнының құрылуына нақты қанша уақытта қол жеткізілетінін тап басып айтпады.

uakit.kz