ШЫМКЕНТТЕ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫ ЖЫЛДАҒЫДАН АЗАЙҒАН

351
0

Шымкентте еңбек қатынасына  қатысты шағымдардың көпшілігі балабақша, күзет агенттіктері қызметкерлері мен құрылыс саласында жұмыс істейтін жұмысшылар тарапынан түседі. 

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинтге қалалық еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов мәлімдеді.

Өз кезегінде ол төтенше жағдай мерзімін қоспағанда жыл басынан бері  басқармаға 407 арыз-шағым келіп түскенін айтты. Жыл басынан бері еңбек қатынастары саласында 57 тексеру ұйымдастырылып, соның негізінде 76 заң бұзушылық анықталғанын  жеткізді.

Бірақ  төтенше жағдай кезінде басқармаға 160 шағым келіп түскен. Бауыржан Қалжанов ол шағымдар жұмысты өткеру сипатында болғанын, яғни, қандай да заң талаптарын бұзушылық сипатта болмағынын ескертті.

Сонымен қатар ол, басқармада күн тәртібінен түспейтін негізгі мәселе –  жалақы қарызын өндіру  екенін алға тартты.

Қазіргі таңда Шымкентте 6 кәсіпорынның 38 жұмысшыға 3,8 млн. теңге берешегі бар. Жұмысшыларға берешегі бар ол кәсіпорындардың барлығы қазіргі таңда қызмет етуін тоқтатқан.  Бірақ біреуі ғана банкрот деп танылған.  Соған сәйкес жұмысшылар жалақысының төленуі үшін әлі де бірқатар құжаттар жинақталу үстінде. Тағы екі компания медициналық клиника болып табылады. Онда қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүруде.

Осылай деген басқарма басшысы Шымкентте алдыңғы жылдармен салыстырғанда жалақы қарызы айтарлықтай азайғанын мәлімдеді. Мәселен, 2018 жылы 10 кәсіпорынның 1293 жұмысшының алдындағы қарызы 192 млн.  800 мың теңге болған. Ал  2019 жылы жұмыс берушілердің берешек көлемі 13 млн. теңгеге дейін төмендеген.

Сонымен қатар Бауыржан Ахметәліұлы ҚР Еңбек Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша қаламызда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Өз сөзінде ол:

– Еңбек Кодексіне 131 өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтсақ, 67 бап өзгертіліп, 41 талап жаңарды. Осы өзгерістерді халыққа түсіндіру мақсатында Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және Шымкент қаласының кәсіпкерлік палатасымен бірлесе жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты 140 ірі мекемеге, оның ішінде 65 мемлекеттік мекемеге және 75 жеке мекемеге хат жолданды. Қазіргі таңда кәсіпорын басшылықтары түсіндіру жұмыстарына дайын екендіктерін хабарлап, соған сәйкес мекемелердің кестесі жасақталуда. Ал карантин аяқталғаннан соң, басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – деп атап өтті.

uakit.kz