ОҢТҮСТIК АСАНӘЛIСIН АРДАҚТАДЫ

548
0

1970-шi жылдардың басында қазақ кино өнерiнiң шоқтығы биiктеп, күллi Кеңес одағының аузында Асанәлi Әшiмов жүрдi. Бұл – қазақ халқының өнерге аса бiр сусап жүрген кезi болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру барысында кино өнерiнiң хас шеберi Шәкен Айманов ағамыз аз тер төкпедi. «Тақиялы перiште», «Менiң атым Қожа», «Гауһартас», «Алдар көсе» фильмдерi көрермендерiн қалай баурап алса да, бәрiбiр бiрнәрсе жетiспей тұратындай едi.

«Қыз Жiбек» фильмiнiң өмiрге келуi әлi күнге көз алдымызда. Кеңестер Одағын дүр сiлкiндiрген тың туынды талайларды таңдандырды, тамсандырды. Фильмдегi жағымсыз кейiпкер Бекежанды сомдаған Асанәлi Әшiмов өзiнiң тума талант, дарынды актер екендiгiн таныта бiлуi арқылы жағымды кейiпкерге айналды. Бәрiбiр көрермен Бекежанды Төлегендi өлтiргенi үшiн жек көрсе де, оның рөлiн бейнелеген Асанәлiнi шын жақсы көрдi. Ал, көрермендер «Атаманның ақыры», «Транссiбiр экспресi» фильмдерi жарыққа шыққанда Асанәлi Әшiмовтiң шын талантына бас ұрды, қуанды, шаттанды. Қазақ өнерiнiң даңқын асырған Асанәлiлерiн төбелерiне көтердi. Оған КСРО халық әртiсi атағы берiлген тұс та осы кезде едi.

Туған халқының өнерiн өрге дөңгелеткен Асанәлi ағамыздың бойына бiткен дарыны ұлдарына да жұғысты болғандай. Сағи Әшiмов бейнелеген «Шоқан Уәлиханов» фильмi де қазақ киносының алтын қорына енген құнды дүниелердiң бiрi. Әттең аққан жұлдыздай ғұмыры тым келте болған Шоқан Уәлихановтың рөлiн тамаша сомдай бiлген Сағи Әшiмовтiң де ғұмыры жұлдызды құйрықтай ерте сөндi. Қос ұлынан қапияда көз жазып, жан-жарынан жылай-жылай айырылған Асанәлi ағамыз қанша жерден қайғырып, шерлi жүрегi «аһ» ұрғанымен халқына, туған елiне керектiгiн, өлгеннiң соңынан өлмек жоқ екенiн бiлген соң белiн бекем буынып, Асекең қайта атқа қонды.

Халық қашанда өнер иесiн құрметтейдi, аялайды, еркелетедi. Мұндай қасиеттен Оңтүстiктiң кенже еместiгi айтпаса да түсiнiктi.

Маусымның 26-ы күнi Оңтүстiктiң өнерсүйер қауымы Асанәлi Әшiмовтiң 75-жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттi. Облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен iс-шараға облыс әкiмi Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, мерейтой иесiне шынайы алғысын айтты, ыстық ықыласын жеткiзiп, басына бөрiк, иығына оқалы шапан жапты. Төрде төбедей болып отырған нар тұлғалы Асекеңдi құттықтаушылар көп болды. Сонау Кентау қаласынан, Сарыағаштан келген Асекеңдi замандастары мен iнiлерi, облыстық қазақ, орыс, өзбек, драма, әзiл-сықақ театрларының ұжымы құттықтап, iлтипат бiлдiрулерiмен қатар, атақты актерге тарту ретiнде сахналық қойылымдар көрсеттi.

Кәрiлiктiң жолына жармасса да, жүрiс-тұрысы әлi ширақ, тұғырынан түсе қоймаған Асанәлi ағамыз Құдайға шүкiр, тұяқсыз емес. Құлдыраңдап шауып жүрген ұлы мен жеңгемiз де осы кештiң қадiрлi қонағы болды. Оңтүстiк өңiрiнiң Асекеңе деген ықылас-пейiлдерiнiң қаншалықты қымбат екенiн, биiкте екенiне олар да куә болды, жан жүректерiмен сезiне бiлдi.

Е.СӘРСЕНБИН.