«Біз көздеген мақсат биіктерге жетелейді»
Болат Наурызбайұлы Қырықбаев. Бұл есім тек Оңтүстік Қазақстан облысына ғана ажырамас таныс ат десек аздық етеді. Оны спорт, бәсеке, ел намысы дегенде бойында тулаған қаны бар әр қазақ таниды. Болат мақтау мен марапатқа кенде емес, мақтангершілікке, даңғойлыққа, намыссыздыққа жаны да, «жыны» да қарсы бірегей азамат. Осыдан тура 51 жыл бұрын Ордабасы ауданында дүние есігін ашыпты. Жасыл кент, жақұт қала – Алматыдағы денешынықтыру институтынан білім алыпты, сол оқу ордасының «сен тұр, мен атайын» өңкей сайыпқырандарының ішінен сараланып шығып, институттың чемпионы атаныпты. Сол кезде бірге оқығандар мен қатар жүргендер, қалың кілемге қарсылас болып шыққандар «Болаттың жауырыны жер иіскеген жоқ» деп «ауыздарының суы құрып» өткенді бүгінде аңызға бергісіз әңгіме-аңыз етіп айтады. Бүгінгідей «Дипломмен – ауылға» деген жаппай ұранның жоқ кезінде-ақ Болатыңыз кіндік қаны тамған туған жеріне дипломмен оралды. Темірландағы спорт мектебінде жаттықтырушы болды. Күрестен. Өзі қыры мен сырын бала кезінде бастап, жоғары оқу орнында бабына келген қияқ мұртты жап-жас жігіт жасындай жарқылдаған бір кездегі өзі секілді жастарды жарыққа шығаруға барын салды. Сөзі қандай жылдам болса, ісі де соған лайық еді.
Өзі де дем алмайтын, өзгелерді де демалдырмайтын бапкердің талабы қатаң болды. Шыдас бергендер болашақ шығар шыңдарына сол кезде Болаттың қасында тұрып көз салды. Ауылды біраз айналдырып, боз кілемге шыққанда босбелбеулік танытпайтын талай інілеріне тыңнан салынған сүрлеудің жолын көрсетіп берген жас жаттықтырушының өзі де жоғарыда тұрған спорттың саңылақ бапкерлерінің, ағаларының көзіне түсті. Үйі болмаса күйінің де болмайтынын біле тұра талаптың тұлпарын мініп облыс орталығына жұмысқа ауысты. Баяғы жаны жай таппайтын, басқаларға да жай таптырмайтын жаттықтырушылыққа.
— Болеке, қалаға ауылдан арман қуып, атақ іздеп келдіңіз бе? Әлде бүгінгі шыққан биік тұғырыңызға деген баспалдақтың негізін қалау үшін қалаға жол тарттыңыз ба?
Әуелгі сауалды біз де тоқ дегізіп, төбеден ұрғандай қойып қалдық. Талай сұхбатта айтарын дөп жеткізіп, ысылып қалған ел ағасының жасындағы азамат қой, саспады, «бұл сұрақты неге қойдың» дегендей пиғыл да танытпады, сабырлы қалпымен, сәл жымиып, сұх қолымен мұрттың оң жағын бір сылап өтіп, «Е, жоға» деп әңгімесін ары қарай жалғастырып кетті.
— Ауылда тудық, ауылда өстік, сол ауыл әлі де алтын көмбелі қазынамыз. Мен ауылдан қашқаным жоқ, тек оның құлаш сермер аясының тарлығын (әрине, спортқа байланысты айтып отырмын) сезіндім, оның үстіне сол кезде қазақ спорты десе жанын салатын ағаларымның ақылы мен шақыруы мені Шымкентке қарай тартты. Жаттықтырушы болып істеген аз ғана мерзім ішінде мен баптаған жігіттер уақыты солай болды ма, әлде тәңірім бізге бір тосын қуат берді ме, жүлдеден кейін жүлдені алып, бұрынғы біраз жеңімпаздарды «жүргізбей қойдық». Сол кезде ғой облыстағы спорттың ырдуан арбасының бір оқтығын сүйреп жүрген Мардан Сапарбаев көкеміздің бізді шақыртқаны. Туған бауырымдай қамқор болды, өмірге жаңаша бағыт берді, қол ұстасып, тізе қосып дегендей бірлесіп біраз жұмыс тындырдық. Аз тағылым алғаным жоқ. Тағы бір Жақан Оңалбеков деген ағаның да қамқорлығын, жақсы аға, жақсы іні болғанымызды ұмытуға менің қақым жоқ.
Сонау көз ұшындағы жылдарды ой елегінен, сағына еске алған Болекең осы арада сәл-пәл кідіріп, ойлы кейіпте үнсіз қалды. Бұзғым келмеді. Көкейдегі сауалды араға аз мезет салып, тылсым үнсіздікті көпке созылдырмай бір ауыз сөзбен қойдым, «Одан кейін ше?» деп.
— Сол жылдары біз облыс деңгейінен шығып кеттік. Бұл жақсы сөз, яғни жігіттеріміз елдің аумағындағы жарыстарға жолдама алды, жеңілгендері де, жеңгендері де болды. Оның кемістігіміз де болды, жетістігіміз де болды деп теңестіруге болады. «Жатқанға жан жуымас» деген бар емес пе, қыбырлап жүріп қыр астық. Басшылар бағасын беріп жатты. Қиындау тірліктерді сеніп тапсырды. Орындауға барымызды салдық. Жетпей жатқан тұстарымыз да болды. Бәрі бір жақсы жағымыз көзге бадырайып көрініп тұрды. Облыстағы іргелі спорт мектебінде сол кездері маған сол себепті де сеніп тапсырған шығар. Менде бала кезден қалыптасып, бүгінде қаныма арласып кеткен қағида бар – «өзгеге сене біл, басқалардың сенімін ақтауға барыңды сал» деген. Мұны жүзеге асырсаң, оның үдесінен сөз емес, іс жүзінен шыға білсең – көп адамға қажет абырой мен атақ сені өзі-ақ іздеп келеді. Мен мұны өз өмірімнің сан қырын салыстырып барып, таразылағаннан кейін айтып отырмын.
Болекең өткен күндер жайлы тағы да біраз әңгімелерді себезгілеп айтып өтті. Ойымызға елден естіген, көп адам көрген бір жақсы жағдайға байланысты сұрақ түсті. Ол – баяғы Сидней олимпиадасына байланысты еді. Кібіртіктегеніміз жоқ.
— Осы сізді Бекзат Саттарханов қазақ боксының тарихында тұңғыш рет чемпион болды, Қазақстанның көк байрағы аспанға көтерілгенде еңіреп тұрып жылады деген сөз рас па? Соқталдай азаматсыз, үлкен салалық мекеменің басшысысыз. Көз жасы боркеміктіктен шықпаған болар?
Жайлап бізге қарады. Жымиды. «Сұрақтары қандай-қандай өзі» дегендей көзінің қиығымен бізге бір барлап қарады да, «Егер елден тысқары жерде бір бауырым милиардтаған халықтың арасынан құртақандай болып алыптың тірлігін істеп, туын көтеріліп, байрағын көк тіреп тұрса сіз жыламас па едіңіз?» деп өзімізге сынай сауал қойды. Жауабын күтпей, айтарын ары қарай жалғастырып кетті.
— Сол жолы біз Бекзаттың еншісіне алдын ала екі жекпе-жекте жеңіске жетсе жетеді деген бағаны байлап қойғанбыз. Соның өзіне қол жеткізсек, ол үлкен нәтиже болып саналатын еді, Қазақстанның бас жаттықтырушысы Серік Әбденәлиев те осы межеге қанағат тұтатынын білдіріп отырған. Бірақ Саттарханов біздің өзімізді қатты састырып, жоспарымызды « быт-шыт қылып» алтын алқаны алақанында ұстап тұрды. Жылағанымыз рас, бір мен емес, сол жердегі қазақ біткеннің алақанымен көзін сипамағаны жоқ. Бұл боркеміктіктен, көңіл бостықтан шыққан жас емес, ол – намысымыздың тапталмағандығын, атымыздың асқақтағандығының, жүрегіміздің кеудемізге симай жарылардай болған керемет қуанышының көз жасы еді. Сондай қуаныш тағы да қайталанып жатса мен осы жасымда да жылаудан ұялмаймын.
Шымыр спортшы, жігіт ағасы Болекеңнің ойына өткен күндердің елесі оралды ма, әлде Бекзаттай қыршын жасқа деген ағалық көңілдің сағынышты мұңы көңілін тербетті ме, дауысы дірілдеңкіреп барып, әңгімені тәмәмдады. Иә, ұлт абыройы сынға түскенде жүрегі тас біреу болмаса, жібімейтін жан болмайтындығына біз осыдан кейін көз жеткізгендей болдық.
Болат Қырықбаев облыстың тарихында облыс спортын екі рет басқарған бір ғана дара басшы. Әлгі Бекзат пен Ермахан «менмін» деген дүниенің төрт бұрышының дүлей боксшыларын допша қақпақылдап, беттеріне ешкімді келтірмей, алтынды жамбастарына қазақ қазақ болғалы алғаш рет басқан кезде, сол Сиднейде отырған санаулы бапкер, жанкүйер қазақтардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт және дене шынықтыру департаментінің бастығы Болат Қырықбаев болды. Ол кісі осы қызметті алғашқысында төрт жыл атқарып, арасында басқа да біраз жауапты жұмыстардың тізгінін ұстап, 2009 жылдың жазынан бері тағы да өзінің жаны сүйер спорт саласына басшылық жасап келеді. Болат мырзаны бақытты жан деп айтсақ, ол аса қолпаштау емес. Сидней олимпиадасы кезінде облыстың саңлақтарын бастап барған бұл азамат, енді міне ағылшындардың отаны Лондон қаласына да үлкен команданы жасақтау жұмысын аяқтап қалды. Мәселені тек олимпиаданың еншісіне ғана танып қоюға болмайды. Соңғы екі-үш жылдың өзінде Республикалық, Азия, Еуропа шеңберіндегі жарыстарда оңтүстіктіктер асқан асу, көтерілген биік, иемденген жүлде аз емес. Бірақ еркін күрестен әлемнің бес дүркін чемпионы, дағыстандық Әли Әлиевтің: «Барлық алтын медальдарымды Олипиада ойындарының бір алтынына ойланбай айырбастар едім» деген теңеуіне қарағанда, шынында да биылғы 27 шілдеде басталатын ХХХ жазғы олимпиада ойындарының спортшылар үшін берері аса үлкен екені белгілі. Жақында ғана еліміздің спорт және денешынықтыру комитетінің төрағасы А.Ермегияевтің айтуынша биыл қазақстандықтар жүлделі орындардын 13 медаль алуды көздесе, оның 3-і түбегейлі түрде алтын болмақ.
Ортақ әңгіменің тізгінін осы дүниені дүр сілкіндірер, елдің елдігін танытар Олимпиада ауылына қарай бұрдық.
— Біз қазірдің өзінде Лондонға 13 лицензия алып үлгердік, — дейді Болат Наурызбайұлы, — әлі де өткізілетін кәсіби жарыстардың қорытындысы бойынша 5 жолдаманы қанжығамызға байласақ деген үкілі үмітіміз бар. Оны игеруге біздің спортшыларымызға деген сеніміміз нық. Бәрін де уақыт көрсетеді. Ал енді қазақстандықтар иемденуді межелеп отырған 13 медальдың 2 –ін біз алуға бар күшімізді сарқа жұмсауымыз керек. Егер одан да көбейіп жатса, кәнекей. Жеңіл атлетикадан Наталья Ивонинская, Ольга Терешкова, байдаркамен және каноэмен есуден Евгений Алексеев, таэквондодан Феруза Ергешова, Нұрсұлтан Мамайев, велоспорттан Александр Диченко, ауыр атлетикадан Сергей Истомин, Надежда Ногай, спорттық гимнастикадан Мөлдір Әзімбай, стендтік атудан Ангелина Мищук, еркін күрестен Елена Шалыгина, бокстан Біржан Жақыповтармен бірге тағы басқа спортшыларымыз алған жолдамаларының медальға лайықты болуы үшін қазір жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізуде. Спорттың 9 түрінен жолдама алғандардың арасынан жеңіл атлетші Ольга Терешкова қызымыздың мәселесі сәл сауалдылау болыпты. Ол өзінің сәбиін күтіп отыр, егер босанғаннан кейін бір айда қалпына келсе, сөз жоқ жарыс жолына шығады. Үшінші рет олимпиада спортшыларын қабылдағалы отырған Лондондағы жарыс басқалар секілді біздің де елдігімізге нағыз сын болатындығын терең сезінудеміз. Жарысалды дайындық жоспарлы және жүйелі жүргізілуде. Әзірге күдігіміз аз, үмітіміз мол болып тұрған жағдай бар.
Облыс спортының басшысы осылайша серпіліп емес, сеніммен сөйлеп отыр. Өткендердің қорытындысын екшеп айтқан әңгімесі көңілінің күттігі еместігін айқын аңғартады.
Бір кезде спорттың басшылығынан кеткеннің өзінде осы салаға деген жанының ауыратындығын және оған деген сүйіспеншілігін шексіз екендігін Болекеңнің мына бір әрекетін көпке айта отырып, тоқсан ауыз сөзімізді тобықтай түйінмен қорытындыласақ дейміз. Алатаудың баурайында «Бәйшешек» атты спорт сауықтыру орталығы бар. Қалталы азаматтар әкімдердің тілін тауып, екі рет оны өз меншіктеріне алып қоюға барынша әрекет жасаған кезде, бүкіл облыста оған қарсы тұрып, шыр-пыры шығып жыларман болған, алғаш дабыл қаққан қатардағы спорт мектебінің директоры Қырықбаев еді. Сол жай қалды, қазір спортшылардың игілігіне арналған орталық. Облыста спорт аллеасын салудың идеясын тұңғыш көтерген, Қажымұқан атындағы стадионның да ел игілігіне қайта пайдалануына мүмкіндік жасаушыларының алдыңғы легінде сол Болат мырза тұрды. Жақсының ісін ел ұмытпайды. Сол жақсылардың бірі болып, азамат деген атына алғыс пен сенім қосарланып жүрген біз білетін бір азамат осы. Мұндай жанға Құдай жүрім беріп, еліне, халқына адал қызметін абыроймен жасай берсін дегеннен басқа қандай игі тілек тілеуге болады?!
Б.Байтөреев, Шымкент қаласы.