АҢЫЗ­ БЕН АҚИҚАТ АЙНАЛАСЫНДА

447
0

2121Киелі қалам ұстап, өз қабілетін сынаған Құралбек Ергөбеков өзіндік жазу өрнегімен танылып келеді. Бұлай деуге тарих пен аңызға сілтеме жасай отырып жазған ғылыми зерттеулері мен мақалалары негіз бола алады. Бәйдібек баба мен Домалақ Ана, Бекасыл әулие, Әбубәкір қары және басқа да зерттеу мақалалары мен ел аузынан ерінбей жинаған соны аңыздар мен тың деректерден құралған әңгімелері, белгілі ақын Қазанқап Байболовтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен талдап, оқырман қауымға ұсынуы – ауыз тұщытып айтуға тұрарлық дүниелер. 2011 жылы Қазығұрт елді мекеніндегі «Зафар» ҚБ-нің баспасынан шыққан «Ақбура Ата әулие» атты жаңа кітабында Қазығұрт тауының бөктеріндегі аңыздар мен деректі желідегі хикаялар қызықты баяндалады. Әсіресе Арыстан баб пен Ахмет Иасауи, Ақбура Ата мен Қарабура әулие, Бәйдібек баба мен Домалақ Ана секілді белгілі тұлғалардың беймәлім қырларын қамтуы оқырман назарын еріксіз аударады.

Бірден аңғарылатыны – Құралбектің тарихи тұлғаларды зерттеуге арнайы дайындықпен келгендігі. Топан суы кезінде Нұһ пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келіп қайырлағаны жайындағы бұрыннан белгілі мәліметтермен шектелмей, түрлі деңгейдегі көнекөз шежірешілердің, көзі қарақты адамдардың естеліктері келтірілген. Төлеби ауданындағы Абай ауылының тұрғыны Ақаш Төребекұлының, Зертас ауылының тұрғыны Ереген Ағыбайұлының, Қазығұрт ауданындағы Рабат ауылының тұрғыны Ілескүл Әшірбайқызының, Шанақ ауылының тұрғыны Сүйеубай Қалшабайұлының, Қазығұрт баурайында тұратын Зәкір Ыбырайымұлының, Қанайым Кенбайқызының бір-бірінен аз да болса ерекшелігі бар ой-пікірлері, естіген-білгендері ретімен берілген. Ол ғалымдардың зерттеу еңбектерімен, ел аузынан жазып алғандарымен салыстырылып, автордың өз топшылауымен түйінделген.
Кітаптағы әпсаналар мен аңыз әңгімелер оқушысын зеріктірмей, пайымдай білгенге ақыл мен ғибрат қосары анық. Мұхамед Хайдар Дулати, Әбілғазы баһадүр, Әбубәкір Диваев, В.В.Бартольд, Н.А.Аристов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әлкей Марғұлан сияқты тарихшылар мен ғалымдар және халық қазынасын жинаушылармен бірге белгілі ақындар Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, төлебилік Қазанқап Байболов, жергілікті ақын Әбдімомын Қармысұлы жырларынан, шежірешілер Көбей Тоқболатов, Көпжасар Мәденұлы, Әнуарбек Жақыпбекұлы және басқалардың еңбектерінен үзінді келтіруі кітап мазмұнын байыта түскен.
Топан суы жер бетін алғанда Нұһ пайғамбар кемесінің Қазығұрт тауына қайырлағаны, оған аспан тіреген асқақ таулардың соғыс ашқысы келгенде Қазығұрттың жеті бауырынан жәрдем сұрап, сәлем жолдағаны, содан қаймыққан таулардың кері қайтқаны туралы аңыз да бірнеше нұсқада талданған. «Кемеқалған» шыңы, оның әулиелік қасиеті, көлемі мен табиғаты, Қазығұрт үңгірі, осы маңдағы басқа да әулиелі орындар жайында суреттеген. Нұһ пайғамбар кемесі Қазығұртқа тоқтаған сәтте күн мен түн теңесіп, наурыз тұңғыш рет тойланғаны, Ойсыл Қара, Қамбар Ата, Зеңгі баба, Шопан Ата жайлы әпсаналардың шығу тарихына шолу жасалады. Жерлес ғалым Құлмат Өмірәлиевтің «Қазығұрт және оған қатысы бар топонимдер жайлы» мақаласында Нұһ пайғамбар кемесі Арабияда Жуды, Арменияда Масис (Арарат) тауында, қазақта Қазығұрт тауында тоқтағаны жайлы аңыздардың бар екенін айтқанын келтіре сөз етіп, Қазығұрт тауында төрт түлік малдың төлдері қалып, содан көбейгені туралы жыр бары айтылады. Бекмұрат Уахатовтың «Алтын бастау» кітабында төрт түліктің арғы атасы жетім ботадан, жалғыз танадан, қатпа тай мен жұрын тоқтыдан тарағаны жазылғанын, Г.Н.Потанин жазып алған қазақ аңыздарының бірінде жылқы – желден, сиыр – судан, қой – көктен (пейіштен), ешкі – тастан, адам – жерден жаралғаны еске салынады.
Төрт түлік пірлері Шопан Ата, Зеңгі баба, Қамбар Ата, Ойсыл Қара әулиелердің қай жерлерге орналасқанын автор Жанәлі Ырсымбетұлының, Ереген Ағыбайұлының, Сүйеубек Қалықұлұлының, Айтбай Байм-ұратұлының әңгімелеуі арқылы әсерлі береді. Есбай Елікбайұлы, Жарылқасын Ниязбекұлы мен Әбдіқұл Байқонысұлының айтқан аңыздарына сүйеніп, Ақбура Ата әулие туралы «…желмаядай есіп, гуілдей жөнелгенде, оған ұшқан құс ілесе алмайды екен. У-һулеп зікір салғанда, ол әулиенің аузы үнемі көпіріп жүретін көрінеді. Өзі аппақ киініп, түйенің бурасына ұқсап «ауф, ауф, ауу, ауу» деп күркіреп, екі езуінен шыққан көбігі иықтарынан жауырындарына қарай төгіле ағып, лезде Иасыға жеткенде, Қожа Ахметтің өзі алдынан шығып: «Бурам, келдің бе, бурам?» деп қарсы алады екен», – деп жазады. Ақбура әулие жерленген мекен жайдан аққан бұлақ басына бала көтермеген, перзенттері тұрмай, шетіней берген әйелдер, өзге де сырқат жандар түнеп, әруаққа мал шалып, Құран бағыштайды екен. Ақбура әулиенің көптеген кереметтері жайында Құралбек Ергөбеков осылайша сыр шертеді.
Дегенмен, кітаптағы оқиғалар бір жүйемен баяндалмай, шашыраңқы орналастырылған. Мәселен, киелі Қазығұрт тауы, онда Нұһ пайғамбар кемесінің тоқтауына қатысты оқиғалар мен жер, су атаулары және кітапқа аты қойылған Ақбура әулие туралы материалдар әр тұста, арасына өзге материалдар кіріктіріліп жіберілген. Кітаптың басы мен соңында аудан мен облыстың түрлі деңгейдегі азаматтарының фотосуреттері неліктен берілгені жайында түсіндірме жазылмаған. Аудан тарихы орта тұста, елеусіз орналасса, аудандағы қазіргі игі істі көрсететін «Қазығұртта апорт алмасы өсірілуде» деген мақаладан соң аңыз әңгіме қойыла салған.
Аңыздар мен әпсаналар бір бөлек сұрыпталып, тарихи тұлғалар өз алдына, содан кейін қазіргі кезеңнен сыр шертетін мәліметтер топтастырылғанда қаламгер Құралбек Ергөбеков ұтар еді. Алдағы кезде уақ- түйек демей, кітаптың көркем де келісті, ойы мен идеясы жинақты болуына көңіл бөлгені абзал. Жалпы кітап көтерген мәселесін жұртшылыққа жеткізе білуімен құнды деп білеміз.

Бектай ШЕТЕНОВ,
жорналшы-ақын.