БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАПТЫ

36
0

Мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді диалог орнату — Қазақстанның қазіргі даму кезеңіндегі негізгі басымдықтардың бірі. Бұл қағидатты берік ұстанған «AMANAT» партиясы азаматтардың әлеуметтік және құқықтық мәселелеріне нақты назар аударып, оларды шешуге белсенді араласып келеді. Партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылып жатқан қоғамдық қабылдаулар — осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі.

Осы орайда «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Мұрат Жолдыхожаев тұрғындарды жеке қабылдап, азаматтардың түрлі саладағы жеке мәселелерін тыңдады. Қоғамдық қабылдау партияның қалалық филиалында өтіп, оған Шымкент қаласының тұрғындарымен қатар, Түркістан облысынан келген азаматтар да қатысты. Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі науқасқа медициналық көмек көрсету тәртібі, ауруханаға жолдама алу, мектеп ауыстыру, баланы қабылдау, оқу орнындағы жағдайлар, жер телімге қатысты құжаттарды рәсімдеу, меншікке алу сұрақтары, көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсету болды. Тұрғындардың мәселелеріне бейжай қарамаған Мұрат Жолдыхожаев олардың әрқайсысын жеке-жеке тыңдап, нақты әрі жедел әрекет етуге тырысты. Азаматтар тарапынан көтерілген мәселелердің ішінде ерекше назар аудартқан кейбір өтініштер бойынша партия төрағасы жергілікті мекемелердің басшыларымен тікелей байланыс орнатты. Мәселен, Самал-3 шағынауданының тұрғыны Түркістан облысы Жетісай қаласындағы ауруханада ем алып жатқан туысының баласына қатысты жеке сұрақпен келген. Мұрат Жолдыхожаев мәселенің шұғыл екенін түсініп, аурухананың бас дәрігерімен тікелей сөйлесіп, баланың жағдайын бақылауға алуды сұрады. Сонымен қатар, Түркістан облысы, Леңгір қаласынан келген азамат баласын Шымкент қаласындағы мектептердің біріне ауыстыру туралы өтініш айтты. Бұл мәселе бойынша да партия төрағасы тиісті білім беру ұйымдарымен дереу байланысып, оң шешім қабылдануына ықпал етті.

Қоғамдық қабылдау барысында бірқатар мәселелер сол жерде шешімін тауып, тиісті мамандар тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал күрделі немесе қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер жеке бақылауға алынып, олардың орындалу барысы қадағалауға қойылды. Мұндай жүйелі тәсіл — тұрғындардың өтініштерінің ескерусіз қалмайтынына және әрбір азаматтың мәселесі партия назарында болатынына нақты дәлел. Мұрат Жолдыхожаев атап өткендей, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты әрекет ету – «AMANAT» партиясының басты міндеттерінің бірі. Сондықтан мұндай қоғамдық қабылдаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады, әрі бұл жұмыс келешекте де кеңейтіле түседі. Осындай кездесулер арқылы тұрғындар өз мәселесін жеткізіп қана қоймай, оның шешілу барысын бақылауға мүмкіндік алады, ал партия – нақты әрекет пен шынайы қолдау арқылы елдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында еңбек етеді.