БІЛІМ ОРДАСЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТЫР
Оқу жылы аяқталып, мектептердің ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жөндеу жұмыстарын тексеру мақсатында №11 мектебіне барды.
Білім мекемесі 1991 жылы пайдалануға берілген. Мектептің су құбырлары, жылыту және электр жүйелерін жаңарту уақыты келген. Жауынды күндері ескірген шатырдан су өте бастаған. Іргетасының қаланғанына 30 жылдан астам уақыт болған мектеп жөндеуден кейін жаңа кейіпке енбек.
Екі қабатты ғимараттың есік, терезе және едендері жаңасына ауыстырылып, жылу жүйелері қайта қалпына келтірілуде. Желдету, су құбырлары, кәріз, электр жабдықтары, өрт дабылын орнату жұмысы атқарылады.
Жұмыстар осы жылдың сәуірінде басталған болса, қазір 45 пайызы орындалған. Жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Бұдан бөлек, биыл №3 балалар үйінде де күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған балалар үйі 1937 жылы ашылған. Бүгінде мекемеге тиесілі 9 ғимараттың 6-ы сараптама қорытындысына сәйкес жарамсыз деп танылған. Қала әкімі Мұрат Әйтенов білім нысандарын аралау барысында №3 балалар үйін күрделі жөндеу жұмыс барысын тексерді. Екі қабатты ғимараттың едендері мен есік-терезелері ауысып, шатыры жөнделеді. Тозығы жеткен электр жүйесі, су құбыры мен кәріз және жылыту жүйелері жаңарады. Балалар үйіндегі негізгі ғимарат 1964 жылы пайдалануға берілген. Сыйымдылығы 50 орынға лайықталған. Балалар үйінің негізгі ғимаратының ішкі бөлмелерінде және сыртқы. Қазір мұнда 47 бала тәрбиеленуде. Осы жылдың сәуір айында жөндеу жұмысы басталғаннан балалар №4 балалар үйіне орналастырылған.
Үшінші мегаполисте атқарылған жұмыстар мұнымен шектелмейді. Бұдан бөлек, бірнеше білім ордасында орын тапшылығын шешу мақсатында қосымша ғимараттар салынып жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын шаһар басшысының өзі тексеріп, тиісті ескертпелерді беріп келе жатыр.