ШЫМКЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫ БОЙЫНША ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУ БАСТАЛДЫ
Шымкент қаласының бас жоспары тұрғындар назарына ұсынылатыны біраздан бері айтылып, хабарланып келе жатыр еді. Міне, сол межелі уақытқа да жеттік. Енді қала тұрғындары 1 ай бойы кез келген уақытта бас жоспармен танысып, өзінің ұсыныстары мен тілектерін қалдыра алмақ. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.
«Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. Ал 2015-2018 жылдар аралығында бас жоспарға өзектендіру жұмыстары жүргізіліп, сол кездегі қала әкімі бекітті. Ал бұл бас жоспар 2025-2035 жылдар аралығын қамтып отыр. Арнайы мамандар қаладағы 117 мың гектар аумаққа түгел топотүсірілім жасап, 1:10 000 масштабпен картаға енгізді. Бұл жұмыстардың тағы бір ерекшілігі – барлық сызба заманауи талаптарға сай келетін векторлы форматта жасалып отыр. Осылайша алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылып, Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанады деп жоспарлап отырмыз» деді ол.
Мақсұт Пернебайұлы өткен жылдың шілдесінде қалаға қарасты елді мекендерді дамыту мен аумақтарға құрылыс нысандарын жүргізуді белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспар негізінде жүзеге асыру бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы Шымкенттің бас жоспарын әзірлеуге «Градкомплекс» ЖШС-мен келісімшарт жасалғанын айтты. Жауапты сала мамандарының пікірінше, аталған компанияның саладағы тәжірибесі толағай. Еліміздің бірқатар қалаларының бас жоспарын жасауда қолтаңбасы қалған. Қала берді, Шымкенттің бас жоспарын жасау үшін компания Киев, Минск, Санкт-Петербург сынды қалалардан білікті мамандарды шақырып, тәжірибе алмасқан. Күні бүгінде бас жоспардың І кезеңінің жұмысы бітіп отыр. Енді 1 ай көлемінде қоғамдық талқылау болады. Одан кейін тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-тілектер ескеріліп, маңызды деген бағыттар жоспарға енеді. Жыл соңына дейін үшінші мегаполистің бас жоспары жасақталмақ. Концептуалдық тұжырымдама негізінде әзірленген бас жоспар ҚР Премьер-Министрінің келісімінен кейін ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. Нәтижесінде қала жаңа бас жоспар негізінде дами бермек.