ҮЗДІКТЕР ЖУРНАЛИСТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

141
0

«Журналистің жегені — жантық, арқалағаны — алтын» дейді жазушы Шерхан Мұртаза. Халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелері кәсіби мерекесін тойлап жатыр. 2004 жылдан бері маусым айының соңғы жексенбісі журналистер күні ретінде аталып өткенімен, 2011 жылдың 20 қазанында ел Президенті Жарлық шығарып, маусым айының 28 жұлдызы — «Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні» болып белгіленді.

Осы орайда, бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесіне орай бірқатар журналистерді марапаттады.

Мерекелік іс-шара алдымен телевизия ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбекті 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Келелі кездесуге үшінші мегаполистің журналистер қауымы қатысты.

Қала әкімі ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастырушы ғана емес, қоғамдық сананы қалыптастырушы сала екенін айтты.

— Ақпарат құралдары – бұл үлкен күш. Қаламның ұшын, сөздің күшін дұрыс пайдаланса, ұлтты ұйыстырып, жасампаздыққа жол бастай алады, ал бұрыс пайдаланса, қоғамды дүрліктіріп, қоғамдық-саяси ахуалды қиындатып жібере алады. Шымкентте жұмыс істейтін 170-тен аса ақпарат құралы билік пен қоғамның арасында ортасына алтын көпір бола бермек деген сенімдемін. Қала игілігі үшін бірлесе жасайтын жұмыстар жалғаса береді. Қаланың жетістігі – әрбіріміздің жетістігіміз, — деді Мұрат Әйтенов.

БАҚ үздіктері 13 номинация бойынша марапатталды. Қала берді, жиын барысында шаһар басшысы төртінші билік өкілдерін мазалаған мәселелерді сұрады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қазіргі уақытта журналистердің жұмысына кедергі болатын бірқатар түйткілдерді айтып, ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде, қала әкімі аталған түйткілдер бойынша алдағы уақытта жұмыстар істелетінін жеткізді.