ЖАСТАРДЫҢ КЕЗЕКТІ БАСТАМАСЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕНІ ШЕШУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН

99
0

Бүгінгі өскелең ұрпақ, яғни жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың бүгінгі бағыт-бағдары ертеңгі елдің даму қарқынын айқындайды. Сәйкесінше, бүгінде елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалуда. Жастар өз мәселелерімен өздері күресуде. Қала берді, жұмыссыздықпен күресу, түрлі келеңсіздіктердің алдын алу, құқықтық және діни сауатты арттыру сынды мәселелермен күреске өз үлестерін қосуда.

Мәселен, өткен аптада Шымкентте Жастар ресурстық орталығы мен Тұран әкімі аппараты қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Жұмыспен қамту орталығы және Отбасы банк қызметкерлері мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бағытында «Тұлпар» базарында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.  Түсіндірме жұмыстарының мақсаты – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бағдарламалары мен тұрғын үй жөнінде ақпараттармен таныстыру. Түсіндірме жұмыстары барысында мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары, атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны», 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба мен тұрғын үймен қамтылудағы ең тиімді бағдарламалар туралы ақпараттар беріп, анықтамалық парақшалар таратты.

Айта кету керек, Қазақстанда жастарға арналған жеңілдетілген несие беріле бастады. Бұл туралы Еңбек министрлігі мәлімдеді. 5 жыл мерзімге жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын несиені облыстық немесе республикалық маңызы бар қалада, моноқалада, шағын қалада, ауылды елді мекенде тұратын жастар ала алады. Олардың жасы 21-ден 35-ке дейін, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы тиіс. Осы мақсаттарға 2023 жылға 29 млрд теңге қарастырылған. Осы қаражат есебінен 5,8 мың жас адамға жеңілдігі бар кредит беру жоспарланған. Бұдан бөлек, грант беру құралдары жасалмақ. Бұл кредиттерді «Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы алуға болады. Несие мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылғы дейін, басқа бағыттар үшін – 5 жылға дейін, көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін – 3 жылға дейін, айналым қаражатын толтыру үшін – 2 жылға дейін беріледі. Бұл бағытта да Шымкент қаласында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кету керек.