ҚАЛА ӘКІМІМЕН ӨТКЕН ЖИЫНДА САЛАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

118
0

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен салалардағы индикаторлардың орындалуы мен өзекті мәселелер бойынша жиын өтті. Жиналыста 6 айда атқарылған жұмыстар мен кемшіліктер сараланды. Кемшіліктерге талдау жасалып, тиісті салаларға ескертулер жасалды.

Бекітілген жұмыс жоспарын сапалы жүзеге асыру мақсатында қала әкімі нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, апта сайын азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жасап, баяндау, бала мен ана өліміне жол бермеу мақсатында кешенді жұмыс жоспарын бекіту, электр қуатын үнемдеу бойынша іс-шаралар кешенін жүргізу, егілетін ағаш орындары мен суағар мәселесін тыянақты дайындау, білім сапасын көтеру бағытында мектептерді жіті бақылауға алу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асатын жобаларды қатаң бақылау. Жұмыстардың орындалу барысы хаттамамен бекітіліп, нәтижесі әр апта баяндалуы тапсырылды.

Жалпы Шымкент қаласында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жоғары. Қалада білім саласындағы өзекті мәселенің бірі саналатын орын тапшылығын жою бойынша бірнеше мектепте қосымша ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Бірқатар білім ордалары күрделі жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек, жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесін арттыру бойынша да ауқымды бастамалар көтеріліп, жүзеге асып келеді. Кептеліс мәселесін шешу мақсатында жолайрықтардың құрылысы жүруде. Бастысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тікелей бақылауында.

Қала инвестиция тарту бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің қатарына қосылды. Сырттан келетін инвесторларға жағдай ұдайы жасалып келе жатыр. Индустриалды аймақтар ашылуда. Мұның өзі өңірдегі әлеуметті жұмыспен қамту ісінде айрықша мәнге ие. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.