ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

Қасиетті Рамазан айында ізгі амал жасау түркістандық жастар арасында дәстүрге айналған. Жылдағы үрдіс бойынша Түркістан қаласындағы «Бекзат» мөлтек ауданының 1994 жылы туған ер азаматтары көпбалалы отбасыға баспана сыйлады.
Құрбанәлі Серікбайұлы мен Мөлдір Фархатқызы 9 перзентімен бірнеше жылдан бері пәтер жалдап күнелтіп келген. Өз кезегінде қайырымды істің шарапатын көрген жанұя жақсылыққа жаны құмар жандарға алғысын білдірді.
4 бөлмелі баспананың лентасын қиып, кілтін табыстау ауыл ақсақалы Дәулеткерей Оспанов пен олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Адырбекқызына бұйырды. Қалалық мәслихат депутаттары Жандос Арыстанов, Жанбота Тағайбаев, ел ағалар Нұрғали Шерімбетов және Бағдат Қалмұрзаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады.
Бұдан бөлек, 1988 туған азаматтар да Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында бір отбасының баспаналы болуына себепші болған. Енді 1994 жылы туған жігіттер де кезек келіп Наурыз-думан тойын ұйымдастырып, қайырымдылық эстафетасын жалғастырды. Айта кетейік, игі дәстүрдің арқасында осымен 18 отбасы баспаналы болып отыр.