ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ШАРУА КӨП

105
0

Жыл басынан бері Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әр ауданның тұрғындарымен кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстардың есебін беріп жатыр. Қала берді, тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдап, тиісті тапсырмаларды да беріп келеді. Бұл жолы шаһар басшысы Абай ауданының тұрғындарымен кездесті. Есепті кездесуде 6 айдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айтылды.

Жиын барысында қала әкімі «Халықпен кездесулер өткізудің 2022 жылға арналған күнтізбелері бекітіліп, тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізілуде. Бұл жаңа әдістің қажеттілігі мен тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Себебі мен 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткіздім. Жалпы кездесулерде қала тұрғындарынан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалып, 316-ы жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Ал 184 мәселе ұзақмерзімді шешуді қажет ететіндіктен, 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген» деді.

Күні бүгінге дейін Абай ауданының тұрғындарымен 18 елді мекенде 63 кездесу ұйымдастырылған. Міне сол жиындарда бас-аяғы 216 мәселе көтеріліп, бүгінде 86-сы шешімін тапқан. 97 мәселе бойынша жұмыс атқарылып жатса, 36 мәселе екі жылдық жоспарға еніп отыр. Осы тұста айта кетерлігі, әрбір түйткілді түйін ауданда құрылған қоғамдық бақылау кеңесімен мақұлданып, зерделеніп отырды.

Шымкентке қарасты шағынаудандар мен елді мекендердегі ең өзекті мәселенің бірі – инженерлік инфрақұрылым. Соңғы жылдары аталған түйткілді түйінді шешу мақсатында бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, жемісті жұмыс атқарылып келе жатыр. Сәйкесінше, Абай ауданында да қолға алынып жатқан және жоспарланған жұмыстар көп. Инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары турасында қала әкімінің тұрғындармен өткен есепті кездесуінде Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов айтып өтті.

Аудан басшысының айтуынша, өңірдегі ауыз мәселесі биыл толық шешіледі. Яғни сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек. Межеге жету үшін қазіргі таңда Құрсай шағынауданында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап елдімекендерінде құрылыс жұмыстары осы жылы ақталып, электр желісімен қамтылу көрсеткіші де 100 пайызға жетеді. Қазіргі уақытта құрылыс қарқынды жүруде. Сапа қашан да бақылауда.

Табиғи газ мәселесіне келсек, ағымдағы жылдың аяғына дейін көгілдір отынмен қамту көрсеткішін 91 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта Көкбұлақ, Батыс, Арғымақ, Ақжар, Ақтас, Ақтас-2, Нұршуақ елді мекендерінде құрылыс жұмыстар басталды, жыл соңына дейін аяқталады. Нұршуақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі. 27 мың халқы бар Самал-3 және 6,3 мың халқы бар Солтүстік-батыс шағын аудандары осы жылы кәріз жүйесімен қамтылады. Қамтылу көрсеткіші 41,4 пайызға жетеді. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 56,5 шақырымды құрайтын 39 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.