КЕҢСЕ ТАУАРЛАРЫ 12 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАДЫ
Оқу жылы жақындаған сайын оқу құралдарына деген сұраныс артып барады. Сәйкесінше, баға да өсуде. Тіпті кейбір өңірлерде баға 30 пайыздан астам өскен. Ал жалпы елімізде кеңсе тауарлары шілде айында 12,3 пайызға қымбаттап отыр. Бұл туралы Energyprom.kz жазды.
Өңірлерге келсек, бағаның ең көп өсуі Түркістан облысында тіркеліп отыр. Көрсеткіш 50,1 пайыз шамасында. Сонымен қатар кеңсе тауарлары Атырауда 31,1 пайызға, Ақмолада 14,7 пайызға және Алматы қаласында 14,5 пайызға қымбаттаған. Былтырдан бергі ең төменгі өсім Жамбыл облысында тіркелген. Көрсеткіш – 1,2 пайыз шамасында. Мәселен, сурет дәптерінің бағасы былтырдан бері 14,1 пайызға, қалам 13,2 пайызға, түрлі-түсті қалам 12,1 пайызға, А4 қағазы 10,6 пайызға қымбаттап кеткен.
Мұның өзі бірнеше баласы мектепке баратын отбасылар үшін көкейтесті мәселеге айналуда. Оның ішінде, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың қалтасына айрықша ауыр тиіп жатыр. Мемлекет тарапынан берілетін көмектің бір балаға толық жетпейтіні турасында да әлеуметтік желіде сын көбейді. Ал жауапты шенділер әзірге бұл тақырып турасында жақ ашқан жоқ.
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.