ЕЛІМІЗДЕ 2,8 МЛН-ҒА ЖУЫҚ БАЛА ШЕТЕЛДІК КОНТЕНТТІ КӨРУГЕ МӘЖБҮР

Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі елдің тізгінұстары. Қазіргі уақытта балалар қай тілде әлемді таныса, болашақта қоғам сол тілде сөйлейді. Бұл – дәлелді қажет етпейтін аксиома. Осы тұста сандарды сөйлетсек, 2021 жылы жүргізілген Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша ел тұрғындарының саны 19 млн 169 мың адамнан асты. Оның ішінде 33,97 пайызы немесе 6,2 млн-ы – 17 жасқа дейінгі балалар. Бұл – үлкен көрсеткіш. Ал біз дәл осы халықтың үштен бірін құрайтын балаларға мемлекеттік тілде қызық та пайдалы контент ұсына алып жатырмыз ба? Бүгінгі балалар бос уақытында нені көреді? Қандай өзекті мәселелер бар? Тарқатайық…

Балалар контенті жайында сөз қозғағанда, еліміздегі тұңғыш әрі толықтай мемлекеттік тілде хабар тарататын балалар арнасы «Balapan»-ды айналып өтуге болмайды. 2010 жылы ашылған арнаның арқасында қазақ тіліндегі балалар контенті дамып келеді. Мәселен, елімізде аталған арнаны 2 миллионнан аса абонент көреді. Бұл – Қазақстан халқының 19,3 пайызы. Осы тұста арнаның аудиториясы турасында тарқата жаза кетейік. Алғаш ашылған уақытта «Balapan»-нан көрсетілетін мультсериалдар мен бағдарламалар 12 жасқа дейінгі балаларға арналған болатын. Дегенмен 2020 жылдан бастап аудиториясы 0 +8-ге дейін қысқарды. Яғни 8-12 жас аралығындағы балаларға арналған тележобалар мен мульттоптамалар эфирден алынды. Осы уақытта баласының жасына лайық қазақтілді контент таппаған біраз ата-ана наразы болып, әлеуметтік желіде пікір қалдырып жатты. Дегенмен арнаны кінәлаудан аулақпыз. Өйткені бұл – халықаралық деңгейдегі қалыпты құбылыс. Аудитория үлкейген сайын көрерменді қызықтыра түсу де, барлығын бірдей қамтитын контент беру де қиындай түспек. Сондықтан бұл саясатты құптауға да болады.
«Balapan» арнасының эфир уақытына келсек, тәулігіне 17 сағат хабар таратады. Эфир сеткасының 80 пайызы анимациялық жобалардан тұрады. Оның 50 пайызы шетелдік өнімдер болса, қалған 30 пайызы – отандық өнім. Соңғы деректер бойынша арна ашылғаннан бері балалар арнасының тапсырысымен 302 тележоба мен 21 телехикая мен ситком арна эфирінен көрсетіліпті. Бұдан бөлек, 2248 бөлімнен тұратын 103 анимациялық жоба дайындалған. Демек осы уақыт аралығында қазақ тілінде 112 мың минуттан аса отандық өнім өндірілген. Ал мұны 17 сағат хабар тарататын арна эфирінен қайталаусыз берсек, 111 күнге ғана жетеді. Демек 11 жылда өндірген отандық өнім бір жылдық контентке де жетпейді. Бұл – өзекті мәселе. Қала берді, 8-12 жас аралығындағы балаларға арналған жобалардың эфирден алынғаны тағы бар. Сондықтан балалар арнасы шетелдік жобаларды дубляждау ісіне иек артады. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар құбылыс. Қала берді, мультсериалдарды қайталап беруден басқа амалы жоқ. Бұл жайында әлеуметтік желіде де жиі жазылып жүр. Ал қайталаусыз беруге арна контентінің қауқары жоқ. Демек барлық баланың мемлекеттік тілде қажет контентті алуына бір ғана арнаның мүмкіндігі жетпей тұр. Мұны бір деңіз…
Екіншіден, ата-аналардың дені балаларының «Маша мен аю» мультсериалын тамашалайтынын айтады. Ал көпшілік «Balapan» арнасынан көрсетілетін отандық өнімдердің сапасы жоғарыда аталған жобадан әлдеқайда төмен деп есептейді. Мұның себебі де жоқ емес. Біріншіден, аталған мультсериалдың минутының құны шамамен 21 миллион теңгеге бағаланады. Демек бір бөліміне 105 миллион теңге жұмсалады. Ал «Қазақстан» РТРК Басқарма төрағасының орынбасары Мақпал Жұмабайдың сөзінше, отандық өнімнің 2D анимациясының 1 минутына 2021 жылы 220-230 мың теңге, 3D форматтағы анимациясының 1 минутына 250-280 мың теңге жұмсалған. Сонда 5 минуттық мультсериалдың жалпы құны 1,4 миллион теңге көлемінде болады. Қарап отырсақ, «Маша мен аюға» жұмсалатын қаржы біздегі мультсериалдарға жұмсалатын қаржыдан 75 есе көп. Бұдан бөлек, «Маша мен аю» мультсериалын өндіретін «Анимаккорд» компаниясы бір ғана кейіпкердің сұлбасын жасауға 1 ай уақыт жұмсайды. Қала берді, бұл мульттоптаманың мойындалып, таныла түсуіне 13 жыл уақыт кеткен. 1996 жылдан бастап жарыққа шыққан жоба 2009 жылы ғана нәтижесін бере бастады. Міне, осы жылдан бастап бұзық бүлдіршін Маша мен аңғал аюды әлем таныды. Орыс тілінің де танымалдығы артты. ТМД елдерінің бүлдіршіндері аталған жобаны үзбей көреді. Ал бізде бір жобаға жылдар бойы қаржы құйып, нәтижесін күтуге мемлекеттік тапсырыс мүмкіндік бермейді. Сондықтан отандық анимациялық компаниялар «Маша мен аюдың» бір кейіпкерін сызуға кеткен уақытта бірнеше бөлімнен тұратын жобаны тапсыруға мәжбүр. Бұл сапаға тікелей әсер етеді. Сондықтан сын көп. Қала берді, уақыттың тапшылығынан біздегі өнімдердің бөлім саны қысқа. Көп жағдайда, 10 бөліммен шектеледі. Ал әлемдегі сұранысқа ие мультсериалдардың ұзақтығы әлдеқайда көп. Мәселен, «Ми-ми-мишки» мультсериалы 234 бөлімнен, «Трансформерлер» мультсериалы 98 бөлімнен тұрады. Бұл жерде бірнеше мәселе бар. Біріншіден, мемлекеттік тілдің драйвері саналатын салаға бөлінер қаржы аз. Екіншіден, уақыт тапшы. Мұның өзі бүлдіршіндердің қазақ тілінде қажет әрі сапалы контентті толықтай алуына кедергі болып отыр. Аталған мәселелердің салдарынан экран артындағы балалардың басқа тілде мультсериал тамашалауы жиілеп барады. Сондықтан анимациялық жобалардың әрбір минутына бөлінер қаржыны қайта қарап, көбейту қажет. Сонымен бірге анимациялық жобаларды дайындау ісін бір жылмен шектеп қоймай, ұзақ мерзімде жасау ісіне айрықша назар аударған жөн.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта балалар қажет контентті телеарнадан емес, Youtube желісінен тамашалайды. Бұл жақта да мәселе жетерлік. Тағы да балалар арнасының жұмысына талдау жасауға тура келеді. Арнаның ақпаратына сүйенсек, 2021 жылы 26 анимациялық жоба, 13 телебағдарлама, 1 телехикая мен 1 ситком, жалпы алғанда 41 жоба өндіріліпті. Десе де мұның өзі әлеуметтік желіде бос уақытын өткізетін балаларға толық жетпейді. Сондықтан арна 2020 жылдан бастап шетелдік жобалардың телеарнада көрсету құқығымен қоса, интернетте жариялау құқығын қоса сатып ала бастады. Нәтижесінде 700 бөлімнен тұратын қазақ тіліндегі дубляж өнімі Youtube желісіне салынды. Мұның 8 жасқа дейінгі балаларға ғана арналған контент екенін ұмытпауымыз керек. Осы тұста, бүлдіршіндердің дені теледидарға қарағанда ғаламторда жиі отыратынын еске сала кетейік. Күн сайын 3-4 мультсериал көретін балаға 700 бөлімнен тұратын жоба 1 жылға жетерлік азық бола алмайды. Міне, осы тұста қажет контент іздеген бүлдіршін өзге тілдерде мультсериал көруге көшеді. Біздің еліміздегі ең өзекті мәселе де – осы. Жасыратыны жоқ, қазіргі балалардың көпшілігі орыс тілінде еркін сөйлейді. Себебі көретіні – орыстілді контент. Біз балалардың сұранысына лайық ұсыныс бере алмай келеміз. Сәйкесінше, өзге тілде әлемді танып, таным көкжиегі қалыптасқан баланы қайта ана тіліне баулу өте қиын. Мұны уақыт көрсетіп отыр. Бір ғана мысал, А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік орыс тілі институтының зерттеуіне сүйенсек, әлемде 258 млн-нан аса орыс тілінде сөйлетін азамат бар екен. Ресей халқының 142 миллионнан сәл ғана асатынын ескерсек, мұның өте үлкен көрсеткіш екеніне көзіміз жетеді. Ал аталған тілдің кең танылуына «Маша мен аю» сынды балаларды баурап алатын жобалардың әсері зор. Балалар контентінің қаншалықты маңызды екенін ала тақиялы ағайындардың қазақша жатық сөйлейтін балаларының мәселесін Парламент мінберінен көтергенінен-ақ аңғаруға болады. Демек қарапайым мультсериалдың өзі баланың белгілі бір тілді жетік білуіне себепші болады алады. Біздің де бұл үрдістен айналып өте алмасымыз анық. 8 жасқа дейінгі балалардың контенті бойынша «Balapan» жүзеге асырып жатқан жұмыстар көп. Ал одан жоғары жастағы балалар нені қай тілде тамашалап жүр?
Жоғарыда елімізде 6,2 млн-нан аса баланың бар екенін жаздық. Қош делік, 8 жасқа дейінгі балалардың мемлекеттік тілде қажет контентті көруге мүмкіндігі бар деп есептейік. Телеарна 17 сағат бойы хабар таратып жатыр. Интернет ресурста да қазақтілді контент жоқ емес, бар. Ал 8 жастан бастап 17 жасқа дейінгі балаларға елімізде контент ұсынатын бірде-бір арна жоқ. Сәйкесінше, Youtube желісінде де ештеңе таппайсыз. Ал аталған жас аралығындағы балалардың еліміздегі жалпы саны Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2,8 млн-ға жуықтайды. Тіпті, осы тұста «Balapan» арқылы мемлекеттік тілде сөйлеп жүрген баланың өзі 8 жастан асқаннан кейін көрер мультсериал таппай, ғаламтордағы өзге тілдегі контентке еріксіз жүгінеді. Міне, осыдан мемлекеттік тілдің қолданылу аясы тарыла береді. Өзге тілдегі өнімді тамашалайды. Ақпаратты басқа тілде алмасады. Ата-ана мен ұстаз қаншалықты ескертсе де, мәжбүрліктен кейін мемлекеттік тілде сөйлемейтін болады. Тіпті, еліміздегі жалғыз әрі тұңғыш қазақтілді балалар арнасының дайындап берген аудиториясы да өзге тілге ойысады. Ал бұл мәселені өзге мемлекеттер қалай шешіп жатыр?
Көрші елдегі жағдайды талдап көрейік. ВГТРК (Всероссийская государственная телевизионная и радиовещательная компания) құрамына бірнеше балалар арнасы кіреді. «Мульт» арнасы 1,5-6 жас аралығындағы балаларға, «Карусель» арнасы – 4-14 жас аралығындағы балаларға, «ТЛУМ НD» арнасы 0-12 жастағы балалар мен жасөспірімдерге, «Ani» арнасы 6-12 жас аралығындағы балаларға хабар таратады. Қарап отырсақ, балалардың кез келген жасына лайықты контент таратуға қауқарлы арналар компанияның құрамдас бөлігі ретінде қатар дамып келеді. Бұл қатарға Франциядағы «Tiji» мен «Gulli» арналарын да жатқызуға болады. Яғни орыс және француз тілдерінде контент жасаушы арналар барлық 0-16 аралығындағы балаларға қажет өнімдермен аудиторияны түгел қамтып отыр. Бізге де осындай арна қажет. Әйтпегенде қызық контент іздеген балаларға мемлекеттік тілде өнім ұсына алмай келеміз. 8-17 жас аралығындағы балаларға арна құрылса, анимация саласы да дамудың жаңа сатысына шығуға мүмкіндік алады. Қазіргі жағдайда нарық тар әрі қаржы аз болғандықтан, балалар контентін жасауға құлшынысы жоғары компаниялар саусақпен санарлық. Саннан сапаның шығары белгілі. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін балалар контентімен көтерудің маңызы зор. Арна ашылар болса, жоғарыда аталған аудиторияға сапалы өнім ұсыну арқылы балалар арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттауға мүмкіндік алар едік. Танымдық бағдарламалар арқылы ғылым саласындағы қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтсек, шытырман оқиғалар мен кішкентай қаһармандар арқылы күнделікті өмірдегі қазақ тілінің маңызын арттыра түсуге мүмкіндік аламыз. Отандық өнімді көріп өскен бала ана тілімен қатар, ұлттық дәстүр мен тәрбиені санаға сіңіріп өседі. Ал шетелдік өнімді қанша дубляждасаң да, сол елдің болмысы мен бітімінен асып, алысқа кете алмайды. Сондықтан мұның тіл мен елдің болашағы үшін маңызы зор.
Қорыта келгенде, бала – елдің болашағы. Ертеңгі көшінің бағытын түзегісі келген ұлт бүгінгі бүлдіршіннің жағдайына қарайды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін он айтып, жүз рет жазғаннан мәселенің шешілмесі анық. Қала берді, бүгінгідей ақпараттың алапат күшке айналған уақытында бүлдіршіннің сұранысын ескерудің маңызы зор. Жыл емес айда, сағат емес минутта әлемнің тағдыры өзгеріп, талай елдің тағдыры талапайға түсіп жатқанын көз көріп жүр. Ал тіл – ұлтты ұйыстыратын құдыретті қару. Бірліктің туын биікте желбірету үшін ертеңгі елдің тізгінін ұстайтын бүгінгі бүлдіршіндердің мәселесін шешуіміз керек. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе!

Қ.МОМЫНХАН.