ТАЗАЛЫҚ – ЖАСТАР ТАҢДАУЫ
Экологиялық мәдениет – адамның қоршаған ортаға өзіндік үлес қосуы, табиғи ортаға деген саналы қарым-қатынасы. Өкінішке орай елімізде экологиялық мәдениет өз деңгейінде қалыптаспаған. Бұл мәселені түпкілікті шешу кезек күттірмеуі тиіс. Себебі, эколологиялық мәдениет адамгершілік мәдениеттен бір мысқал да кем емес. Бұл ұғым қоғам арасында нақты іс арқылы көрініс табуы үшін Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жыл басынан бері бірнеше іс-шараларды ұйымдастырды.
Атап айтқанда, аталған орталық жастарды табиғатты қорғауға тәрбиелеу мақсатында «Тазалық – адамдық борышымыз», «Тазалық – саулық негізі», «Сенбілік – тазалық кепілі» атты тақырыптарда «Ана мен бала», «Жастар аллеяларында», «Жеңіс» және «Орталық» саябақтарда іс-шаралар өткізді. Сонымен қатар дәл осындай атаумен ауданға қарасты бірқатар қала, кент, ауылдық округтерде де тазалық шаралары өткізілді. Бұл шараға жастар және жергілікті белсенді тұрғындар қатысты. Өз кезегінде бұл шара арқылы ұйымдастырушылар адам табиғатпен егіз екенін, адам ауырса, одан табиғат құрып кетпейтінін, бірақ табиғат ауырса, адам онымен қоса күйреп салуы ғажап емес екені, сондықтан да қоршаған ортаға қамқорлық аса маңызды құбылыс екенін ұғындырғысы келді.
Одан өзге «Жастар ресурстық орталығы» аудандағы бірқатар елді мекендерде «Бір тал кессең, он тал ек» атты акция өткізді. Барлығы 168 жас қатысқан шарада өскен өлкенің көгалданған аумағы ұлғая түсті.
Ағымдағы жылдың наурыз, сәуір айларында аудан көлемінде «Тазалықты өзіңнен баста», «Тазалық – табалдырықтан басталады», «Жаңа Қазақстан – табиғатты аялаудан басталады», «Сенбілік – тазалық кепілі» атты тақырыптарда тазалық шаралары өткізілді. Жастардың белсенділігі сыналған бұл шараларда саябақты сұлу, ауданды ажарлы ұстау ондағы тал-дарақтар, ойын элементтерімен емес, тазалықпен тікелей байланысты екенін өскелең ұрпақ жадына сіңіру мақсат етілді.
Дәл осындай мақсатпен ауданымыздың бейнесі Келес өзенінің бойында да тазалық жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, сенбілік жұмыстарынан соң табиғат аясында жастармен «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін», «Аралдағы сиқырлы қазына» атты тимбилдинг ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға барлығы 233 жас қамтылды.
Мамыр, маусым, шілде айларында аудандағы «Ана мен бала», «Жастар аллеяларында», саябақтарда және қала, кент және ауылдық округтерде «Сенбілік – тазалық таразысы» тақырыбында сенбілік жұмыстары жүргізілді. Табиғат аясында жастардың ұйымшылдығын арттыру, табиғатты қорғауға тәрбиелеу мақсатында «Адам-адамға дос, жолдас, бауыр» атты тимбилдинг ұйымдастырылды. Іс-шараға 132 жас қамтылды.
Қоршаған ортаны таза ұстауға, табиғатты қорғауға тәрбиелеу мақсатында «Тазалық – жастар таңдауы» атты бейнеролик түсірілді. Көңілге игі ой салатын бейнематериал әлеуметтік желіге жарияланды. Жалпы жыл басынан бері Сарыағаш ауданында жастарды табиғатты қорғауға тәрбиелеу мақсатында 23 іс-шара өтті. Оған 500-ден аса жас қамтылды.