ЖЕР ҚОЙНАУЫ – ҚАЗЫНА. БІРАҚ…

Табиғат адамзат өміріне аса қажетті ресурстарға өте бай. Бірақ оны тиімді пайдалануды қаперге алмасақ, тіршілігіміз тығырыққа тіреледі. Мәселен, жер қойнауынан 100 млрд тонна тау жыныстары қазылып алынса, оның тек 10 пайызы ғана дайын өнім ретінде пайдаланылады. Ал қалғаны өндірістік қалдық болып қоршаған ортаға тасталады екен. Мұның залалы ең әуелі адам өміріне кері әсерін тигізуден көрініс табады.

Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу кезінде облыс басшысына аудан тұрғындары бірнеше өзекті мәселені көлденең тартты. Мәселен, Шорнақ елді мекенінің С. Ахметов есімді тұрғыны ауданға қарасты ауылдық округтерде пайдалы құмды, қиыршық тастарды заңсыз өндіру тоқтамай келе жатқанын айтып, пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсат беретін мекемелер қауымдастықпен келісе отырып, заңға сәйкес жұмыс жасалуын сұраған еді.
Осы мәселеге орай тиісті рейд жұмыстары жүргізілді. Тексеру кезінде заңсыз жер қойнауын пайдаланушылар анықталып, тиісті хаттама толтырылып жұмыстары тоқтатылды.
Жалпы, ауданда заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерін анықтау және оларға зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында рейд жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Бұған дейін ауданда заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерін анықтау және оларға зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімінің өкімімен жұмысшы топ құрылған. Аудан аумағындағы заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерін анықтау және болдырмау жөніндегі аудандық мобильді топтардың іс-шара жоспары бекітіліп, ауылдық округ әкімі аппараттары тарапынан күндізгі және түнгі кезекшіліктер ұйымдастырылған. Аудандық жұмысшы топ құрылғаннан бері 40 рет аралау жұмыстарын жүргізіп, 10 рет жұмысшы топтармен жиналыс өткізілді. Облыстық ситуациялық орталыққа 18 рет және 102-ге 14 рет хабарлама берілді.