ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ: 15 НЫСАНДА ҚҰРЫЛЫС ЖҮРУДЕ
Шымкентте 81 елді мекен бар болса, соның 31-і табиғи газбен жартылай қамтылған. Ал 8 елді мекенге газ тартылмаған. Бүгінде халықты толықтай көгілдір отынмен қамту үшін қаладағы 15 нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды.
Брифингте осылай деген қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков жыл соңына дейін бірнеше нысанның құрылысы аяқталатынын жеткізді. “Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран 2 кезек, Сәуле елді мекендері және Ақтас магистралды жүйелердің құрылысы аяқталатын болады. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйелеріне қосылуға мүмкіндік алады” — деді ол. Шымкент қаласы тұрғындарының 93% табиғи газбен қамтылған болса, биыл бұл көрсеткіш 94,7%-ға артады.
Айта кету керек, жуырда Шымкенттегі Әл-Фараби ауданына қарасты Бадам-195 орамға газ берілген болатын. Салтанатты шараға бір топ халық қалаулылары Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Аталған орамда 800-ден астам үй қоныс тепкен. Нақты 4140 халық тұрады. Көгілдір отынға қол жеткізген халық енді көмір тасып, күл шығармайтын болдық деп, қуанып отыр.
Естеріңізде болса, шаһар басшысының тапсырмасына сай, Әл-Фараби ауданына қарасты Бадам-195 орамды газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған еді. Балтыр жалпы ұзындығы 19,9 шақырымды құрайтын ішкі газ жүйелері тартылып, жұмыстар 100 %-ға аяқталған. Құжаттары дайын болған тұрғындар газды үйді-үйлеріне кіргізіп алуда.
Бұдан бөлек, соңғы жылдары үшінші мегаполисте инженерлік инфрақұрылымды жақсарту бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың түйткілді мәселесіне айналған жайттар да жіті тексеріліп, тиісті шарала көрілуде. Қаладағы сапалы ауыз сумен, электр қуатымен, жолмен, көгілдір отынмен қамтылған елді мекендер саны да арта түсуде. Ал атқарылып жатқан жұмыстардың жайын шаһар басшысы арнайы тексеріп, орын алған кемшіліктер болса, шұғыл түзетілуде.