ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАР КӘСІПКЕРЛІК САЛАНЫ ДАМЫТУҒА ЫҚПАЛ ЕТІП ОТЫР

69
0

Үшінші мешаполисте өндірістік, кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыру үшін бірнеше индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бұл тәжірибенің жүзеге асып жатқанына он шақты жыл болды. Тәжірибе күткендегідей нәтиже беріп жатқандықтан шығар, алдағы жылдары үшінші мегаполисте тағы бірнеше индустриалды аймақ құру жоспарланып отыр.

Индустриалды аймақтар өндірістік жобаларды қолға алған кәсіпкерлер үшін өте қолайлы. Аймаққа мемлекет қажетті инфрақұрылымның бәрін тартып берген. Бұдан бөлек, аймаққа кірген жобалар салықтық, басқа да жеңілдіктерге ие болады. Шымкентте бұған дейін «Оңтүстік», одан кейін «Тассай» индустриалды аймақтары құрылып, онда бүгінде көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Алда енді тағы бірнеше индустриалды аймақ құру қолға алынып жатыр. Шымкентте қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту бағытында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылуда. Онда жалпы 1500 жұмыс орнындық 23 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба іске аспақ. Бүгінгі таңда аумағы 133 гектарды құрайтын аймақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүруде. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған аймаққа арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Мұнда қазір15 шақырымдық суаққы жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Оның 12 шақырымы аяқталған. Осы жылдың маусым айында ауыз су жүйесін тарту жұмысы басталған.19,3 шақырымды құрайтын электр желілері тартылуда. Шымкент қаласы әкімдігінің таратқан мәліметі бойынша индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады. Бұған дейін Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов мегаполисте тағы төрт аймақ ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын. Оның біріншісі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазір аймақтың инженерлік инфрақұрылым жүйелері салынуда. Мұнда шамамен құны 200 миллиард теңге болатын 60 ірі заманауи кәсіпорын ашылады. Инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары. Бүгіннің өзінде 100 миллиард теңгеге 25 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Келісімдерге сәйкес биыл 10 жобаның құрылысы басталады.