ОТБАСЫ КҮНІ ОТБАСЫЛЫ БОЛҒАНДАР НЕКЕ КУӘЛІГІН АЛДЫ

2015 жылы қыркүйектің екінші жексенбісі елімізде «Отбасы күні» болып белгіленген болатын. Содан бері осы мерекеге орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй сыйлау дәстүрге айналған.

Биылғы мерекеге орай жас отбасыларға «Неке қию куәліктерін» салтанатты түрде табыстау іс-шарасы ұйымдастырылды. Қала тұрғыны Бақдәулет Әуелбеков пен Аружан Тұрғын мереке қарсаңында  отбасын  құруды  жоспарлаған екен.  Жас отбасылардың некесі мерекеде алғаш болып тіркелді.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова некеге тұруға ниет білдірген жастарды құттықтап, отбасыларға неке куәліктерін табыс етіп, жауапты қадамдарына сәттілік тіледі. Жалпы  отбасы-адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмаса да отбасының адамзат ұрпағына ықпал мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсені еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Айта кетейік, қалада 2022 жылдың 8 айында 4735 неке қию туралы акт жазбасы тіркелген. Өткен жылы бұл кезеңде 5 364 неке қиылған.

Айта кету керек, Отбасы күнін мемлекет басшысының Жарлығымен қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде аталып өтiледi. Яғни 11 қыркүйекке сәйкес келеді. Аталған мереке күні еліміздің түкпір-түкпірінде отбасылық құндылықтарды, ата-анаға құрмет көрсетуді, ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруді мақсат еткен түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мұның өзі аталған мерекенің қоғамдағы маңызы мен рөлінің айрықша жоғары екенін аңғартса керек. Қала берді, мұндай шаралар жас отбасылардың шаңырағының берік болуына ықпал етпек. Алдағы уақытта та аталған бағыттағы іс-шаралар әрі қарай да жалғаса бермек.