ШАҺАР БАСШЫСЫ «IGILIK PARK» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНЕ БАРДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүріп жатқан «Igilik Park» тұрғын үй кешеніне барып, жұмыс барысымен танысты.
Қазіргі таңда 12 000 шаршы метрлік 200 пәтерден тұратын 4 тұрғын үйге кәріз жүйесі мен су құбыры 95%-ға тартылып, электр желісі жүргізілуде. «Халықтың сұранысы сапалы су, жарық және кәріз жүйелері. Бір рет жасалған жүйе ұзақ жылдар қызмет етуі керек. Сондықтан да сапаға аса мән беру керек»-деді қала әкімі тиісті сала өкілдерімен кездесу барысында.
Айтып өтейік, «Igilik Park» кешеніндегі пәтерлерді «Өз үйім» бағдарламасы арқылы алуға болады.
Өтініш беру Банктің otbasybank.kz интернет-ресурсында жүзеге асырылуда.
Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға жолданған 1400 азаматтың өтінімі мақұлданды. Оның ішінде 221 азаматпен «Отбасы банк» арасында келісім шарт түзіліп, жалдау ақысының 50%-ы мемлекет тарапынан аударылды. Осыған байланысты тұрғын үй басқармасы мен “Отбасы банк” өкілдері бірлесе Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесіп, тұрғын үй субсидиясы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бағдарлама талаптарына сәйкес тұрғын үй кезегіне тіркелген 1 және 2 топтағы мүгедектері, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар субсидия алуға өтінішті otbasybank.kz платформасында бере алады.
Өтініш берушінің соңғы 6 айға отбасыдағы адам басына шаққандағы табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек (1 КМ = 37 389 теңге). Өтініш беру үшін ЭЦҚ-сы болуы қажет. Азаматтар субсидиялауға қатысты сұрақтар бойынша Шымкент қ., Бейбітшілік 3 мекен жайында орналасақан “Аманат” партиясының 1-ші қабатындағы “Отбасы банк” кеңесшілеріне жүгіне алады.