ЫНТЫМАҚ-2 ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ БАТЫС БӨЛІГІН ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖАЛҒАСУДА
Бұған дейін Шымкент қаласындағы инженерлік инфрақұрылым саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайын тарқата жазған болатынбыз. Бүгінгі таңда аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Мәселен, үшінші мегаполиске қарасты Ынтымақ-2 шағынауданында жұмыстар қарқын алған.
Жалпы Абай ауданына қарасты Ынтымақ-2 шағынауданының Батыс бөлігінде 2 мыңнан аса үй бар. Сондықтан инфрақұрылыммен қамту мәселесі өзекті. Қазіргі таңда газ, су, жол, жарықтың жырын шешу үшін құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шым шаһар басшысы Мұрат Әйтенов аталған елді мекенге барып, нысандар құрылыс сапасын тексерді, тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Айтып өтейік, аумақты электр қуатымен қамту мақсатында мердігер «Туран Энерго групп» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Ал «Энерго ресурс Шымкентгаз» ЖШС газ құбырларын тартумен айналысуда. Екі нысанның да құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, абоненттеу жүргізіледі.
Көшелерді асфальттау 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қазір мұнда 22 көше бар. Оның төртеуі асфальтталған, он бес жолға тас төселген, қалған үшеуі топырақ жол. Шағынаудан балалары үшін 1 мектеп, 3 балабақшада жұмыс істеп тұр. Батыс бөлігіне 900 орынды мектеп салу үшін 2,46 га жер телімінің құжаты рәсімделіп, қазір жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Былтыр 1 спорт алаңшасының пайдалануға берілгенін де айта кету керек.
Кездесу барысында шешімін тапқан мәселелер үшін алғысын білдірген тұрғындар, арыз-шағымдарын шаhар басшысына жеткізді. «Бұрын ауыл белсендісі ретінде тұрғындардың мұқтажын жеткізу үшін бармаған жеріміз қалмайтын. Нәтижесін де көрмедік. 2020 жылдан бері өзіңізбен жиі кездесіп, өтініштеріміз орындалып жатыр, енді жолымыз асфальтталып, сапалы электр энергиясын тұтынатын күн де алыс емес деп ойлаймын» деді ауыл биі Ә.Балғабайұлы. Мәселелердің таяу арада оң шешімін табуы үшін шаһар басшысы арнайы хаттама толтыртып, сала басшыларына тиісті тапсырмаларды жүктеді.