ШЫМКЕНТТЕ ЕҢ БИІК ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІ САЛЫНУДА

99
0

Соңғы жылдары Шымкент қаласында құрылыс саласы қарқын алды. Бүгінде үшінші мегаполис аумағында көптеген көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Қаланың келбетіне көрік қосатын ғимараттардың сапасы да әкімдік тарапынан жиі қадағаланып, тиісті тапсырмалар да беріліп келе жатыр. Басты мақсат – бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешендерін дер кезінде жоғары сапамен тұрғындарға беру.

Қазіргі уақытта үшінші мегаполис аумағында көптеген құрылыс компаниялары жұмыс істеп жатыр. Бүгінгідей нарықтық заманда азаматтардың көңіліндегісін тап басып, қолайлы өмір мен жоғары сапаны ұштастыра алу оңай емес. Сондықтан құрылыс компанияларына артылған жауапкершілік жүгі де ауыр. Десе де істің үдесінен шығып, қаланың дамуына өзіндік тұрғыда үлес қосып жүрген кәсіпкерлік мекемелер де жетерлік. Тыңнан түлен тартатын идеялар да бар. Мәселен, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 20 блоктан тұратын «Capital City» тұрғын үй кешені салынып жатыр.

12-25 қабаттан тұратын аталған ғимараттар қаладағы ең биік тұрғын үй кешені болмақ. «Шымкент сити» шағынауданынан бой көтеріп жатқан нысанның жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жаңа тұрғын үй кешенін көруге арнайы барған қала әкімі Мұрат Әйтенов мердігер мекемеге нысанның құрылысы барысында туындаған мәселелердің шешімінде  жан-жақты көмек көрсетілетінін атап өтті. Кешен жеке инвестор «Capital Invest Construction» ЖШС есебінен жүзеге асырылуда. Осылайша жақын болашақта 120 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 1, 2, 3 блоктардағы 4, 5 қабаттың және 6 блоктағы 10 қабаттың қабырғаларын салу аяқталды. Енді инженерлік желілер тартылып, бөлме аралық қабырғалары қаланады. Айта кету керек, жоба бойынша 1,5 га алаң абаттандырылады. Міне, осылайша қаладағы тұрғын үй кешендерінің қатары тағы бір тың жобамен толыға түспек.