ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Шымкент қаласының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары «Жұмыс берушілер күнін» атап өтті. Іс-шараға қатысып, жұмыс беруші тараптармен жүздесіп, тілдесуді мақсат тұтқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиевамен мегаполистегі бірқатар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын аралап қайтты.
Шара барысында Шыңғыс Мұқан жұмыс беруші кәсіп иелерін «жұмыс берушілер» күнімен құттықтап, қала әкімінің алғыс хаттарын табыстады. Жалпы заманауи өндіріс жағдайындағы техника мен технологияны жаңартудың үздіксіз процесі маман даярлауға жоғары талаптар қояды. Колледждер академиялық дербестік аясында әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, жекелеген мамандықтар бойынша оқу жоспарларын әзірлейді. Сонымен қатар, жалпы ұлттық экономиканың сұранысына және жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес оқу процесін құруға ықпал ететін білім алушылардың кәсіптік және өндірістік практикадан өтулері туралы шарт жасасып, бірлескен жұмыстар атқарады.
Бүгін «Жұмыс берушілер күні» іс-шарасына 255 жұмыс беруші, 11 500 студент қатысты. Іс-шара барысында 12 дөңгелек үстел, 4 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі, 25 көрме ұйымдастырылды. Шымкент қаласындағы 38 колледждегі қамқоршылық кеңеске 105 жұмыс беруші мүшелікке тартылса, Индустриалдық кеңеске 114 жұмыс беруші мүше болды. Колледждерде 378 оқыту бағдарламалары жасалып, бүгінгі таңда оның 211-і реестрге ілінді. Қалған оқыту бағдарламаларын реестрге ілу база ашылған жағдайда мүмкін болмақ. Бүгінгі таңда, дуальді оқыту форматы жүзеге асырылатын колледждер саны — 15. Студенттер саны – 3 858. 150 кәсіпорынмен 2 347 шарт пен келісім жасалды, оның шеңберінде түлектер одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігімен тағылымдамадан өтеді. Колледждің негізгі серіктестері – «Авто-Маркет» ЖШС, «Дара Сервис» ЖШС, «Агро Спец монтаж» ЖШС, «Базис-К» ЖШС, «Промгражданстрой» ЖШС, «Связьмонтажстрой» ЖШС, «Transtelecom» ЖШС, «Қазпошта» ЖШС, «Қазақтелеком» ЖШС, «Энергопоток» ЖШС, «Civil Industrial Project Group» ЖШС, «ditel» ЖШС, «Бал Текстиль» және «Shymkent Temir» ЖШС сынды кәсіпорындар. Дуальды оқыту жүйесі бойынша бітірушілердің жұмысқа орналасуы 85%-ды құрап отыр. «Жұмыс берушілер күні» іс-шарасында колледждердің әлеуметтік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, колледж түлектерін одан әрі жұмысқа орналастыру негізінде жұмыс берушілермен тұрақты байланыстар құруды қамтамасыз етеді.