ТҮРКІСТАНДА ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛУ КӨРСЕТКІШІ ӨСКЕН
Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін ондағы ауа сапасының нашарлағаны туралы «Қазгидромет» жиі мәлімдеме жасайтын. Өз кезегінде қоршаған ортаның айрықша жоғары ластануы техногенді сипаттағы жағдай. Сала мамандары Түркістан қаласындағы ауа сапасына қатысты мәселені ондағы тұрғын үйлердің көмір жағып, күл шығаратынымен жиі байланыстыратын. Сонымен қатар қаладағы көпқабатты мыңдаған пәтерге жылу жеткізетін орталық қазандықтың қатты отынды пайдаланатыны да жығылғанға жұдырық болатын. Мәселеге нүкте қою үшін төрт жылдан бері қаланы газдандыру жұмысы қарқын алды.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы көрсеткіш бойынша Түркістан қаласында трғындардың табиғи газға қосылу көрсеткіші 95,2 пайызға өскен.
Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласы «Газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қалада 40 мыңнан астам абонентке көгілдір отын қолжетімді. Десе де алаулатып жеткізілген газ желісі есік алдына жетсе де, оны үйіне енгізуге біраз тұрғындар асығар емес. Осыған байланысты аталған инспекция мамандары көмір жағып, күл шығарып жүрген яғни, газға қосылмаған тұрғын үй иелері мен әлеуметтік нысан басшыларына табиғи газға қосылу туралы ескертулер беруде.
Түркістан қаласы «Газ инспекциясы» КММ Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ж.Тасовпен бекітілген «қала тұрғындарын 2022 жылдың мамыр-қыркүйек айларына табиғи газға қосылмаған жеке тұрғындарды және әлеуметтік нысандарды толығымен табиғи газға қосу іс-жоспары» тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласы 6 сектор тұрғын алқабы бойынша (2021 жылдың тамыз айынан 2022 жылдың қыркүйек айлары аралығында) 2049 жеке тұрғын үйге табиғи газға қосылу туралы ескертулер жасаған. Атап айтқанда, «Шауғар» мөлтек ауданы бойынша 588 жеке тұрғын үй, «Яссы» мөлтек ауданы бойынша — 410, «Бекзат» мөлтек ауданы бойынша — 428, «Отырар» мөлтек ауданы бойынша — 234, «Сауран» мөлтек ауданы бойынша — 269, «Бірлік» мөлтек ауданы бойынша 120 жеке тұрғын үйдің газ жүйесіне қосылмағаны анықталған. Олар газ желісін үйіне енгізбеудің басты себебі қаражаттың жетіспеуі екенін алға тартады.