ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ — ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ТҮП БАСТАУЫ

73
0

Шымкенттегі «Park Hotel al Buston» қонақ үйінде «Бақытты отбасы – бақытты жан» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Шара Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Жиынға психолог Айсұлу Тұрсынбаева, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Ботабек Имашов, «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы Сабира Байзақова және әлеуметтанушы, психолог мамандар мен жастар белсене қатысты.

Шара барысында «Отбасындағы құндылықтарды, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметін сақтап қалу маңызды. Осы аталған мәселелерді отбасында қалай сақтап, бақытты жанұя атануға болады деген сұраққа жауап бере отырып, отбасындағы қиындықтарды шешуге болады. Отбасындағы әр адамның рөлі бар. Қазіргі таңда көп отбасылардан байқалатыны — әр адамның жанұядағы рөлінің өз деңгейінде атқарылмауы кикілжіндердің туындауына себеп болады. Сондықтан әркім өз рөлін сақтап, балаға бала сияқты дамуына мүмкіндік беру қажет. Отбасында болатын қарама-қайшылықтарды, кикілжіңдерді шешуге осындай семинар-тренингтер арқылы барынша өз үлесімізді қосамыз» деді психолог Айсұлу Тұрсынбаева.

Отбасы – ұлттық құндылықтардың қайнар көзі. Адамгершілік, құрмет пен ілтипат сынды ізгі қасиеттер әр балаға отбасында беріледі. Сондықтан отбасы құндылықтары заман қанша өзгергенімен, назардан тыс қалмауы тиіс. Осылай деген Сабира Байзақова ата-ана тәрбиесі турасында тарқата айтып өтті. Нақтырағы «Қазіргі таңда Шымкент қаласы өз-өзіне қол жұмсау, зорлық-зомбылық бойынша алдыңғы қатардағы үштікке кіреміз. Ал Қазақстан бойынша 5 орында тұрамыз. Бұл статистиканы азайту мақсатында қоғамдық ұйымдардың қосқан үлесі көп. Семинар-тренингтер арқылы қоғамда орын алатын түрлі жағдайлармен жұмыс жасайтын мамандарды оқытып, тәжірбиесін дамытамыз. Жоспар бойынша Шымкент қаласынан 300 адамды оқытуымыз қажет. «Бақытты отбасы-бақытты жан» семинар-тренинг болғанымен оның астарында жатқан ата-ананың қарым-қатынасының балаға деген әсері, отбасында болатын зорлық-зомбылық тағы басқа да мәселелерді шешеміз» деді ол.

Ұлттық құндылықтардың ұпайының түгел болуы шаңырақтағы ата-ананың тәрбиесіне тікелей байланысты. Ата дәстүрлі ұлықтап, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің әдемі үлгісін көрсете алған шаңырақтан еліне жаны ашитын, қоғамға құрметпен қарайтын ұл мен қыз өсіп шығады. Сондықтан адамгершілік ізгі қасиеттер мен құндылықтарды ұмытпаған жөн.