БІЛІМ САЛАСЫ БИІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

72
0

Білім саласы – қоғамның барлық саласының қайнар көзі. Олай деуіміздің өз себебі бар. Кез  келген сала білім саласының арқасында өркендейді. Сапалы маманмен жұмысы жетіледі. Сондықтан мемлекет басшысының өзі аталған салаға айрықша назар аударып отыр. Жуырда, нақтырағы, қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында да білім саласына айрықша тоқталды.

Осы орайда, Шымкенттегі №41 мектеп-лицейінде кездесу өтті. Оған ҚР Президентінің Жолдауында айтылған негізгі бастамалар мен міндеттер жайы арқау болды. Жиын барысында «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының сектор меңгерушісі Мұхтар Ақбердиев пен ұстаздар қауымы Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру мен жүктелген негізгі тапсырмаларды орындау бойынша пікір алмасты. «Жолдау аясындағы тапсырмаларды орындау бойынша ауданда бастауыш партия ұйымдары, мектепке дейінгі мекемелер, мектеп мұғалімдері белсенділік танытып келеді. Еліміздің болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелер міндет ауқымды. Алдағы уақытта партия мүшелерімен бірлесіп, жұмыстар атқарамыз» деді Мұхтар Ақбердиев өз сөзінде.

Ал мектеп директоры А.Сарымсақова білім саласына қойылған талаптар мен міндеттерді атқару үшін бірліктің қажет екенін айтып өтті. Нақтырағы «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген қанатты сөзді Мағжан ақын өте орынды айтқан. Адами капиталды дамытуда, Қазақстанның болашағын кемелдендіруде ұстаздың орны ерен. Сондықтан мемлекет басшысының Жолдауда көтерген мәселелерін жүзеге асыруда бір мақсат аясында топталуымыз қажет» деді ол. Кездесуде тарих пәнінің мұғалімдері Л.Мырзақұлова мен И.Бақтыбаев тәрбие ісі турасында баяндама жасады. Бұл – аталған бағытты көздейтін шаралардың соңы емес. Алдағы уақытта мектепке дейінгі ұйымдар, мектептердегі бастауыш партия ұйымдары, медициналық мекемелерде  кездесулер одан әрі жалғасын табады. Мұндай шаралар саланың дамуына тың серпін береді. Ұстаздар қауымының мемлекет басшысы жариялаған маңызды құжатта айтылған міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыруға үн қосуы саланың дамуында айрықша мәнге ие.