ГАЗ ЖАБДЫҒЫН ЗАҢ ТАЛАПТАРЫНА САЙ ҚОЛДАНБАЙТЫНДАР КӨП
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың бастамасымен өзекті мәселелерді бақылауға алу үшін қала аумағында 6 сектор құрылған болатын. Олар «Отырар», «Шауғар», «Яссы», «Сауран», «Бірлік» және «Бекзат» секторлары. Өрт қауіпсіздігін алдын алу бойынша аталған секторларда қалалық «Газ инсекциясы» КММ тарапынан табиғи газға қосылған абоненттерде тиісті тексеру жұмыстары жүруде.
Бұл туралы uakit.kz хабарлайды.
Өткен жылдың тамыз айынан бастап 2022 жылдың қыркүйек айы аралығында «Газ инсекциясы» КММ қызметкерлері 23000 абонентке тексеру зерттеу жұмыстарын жүргізген. Атап айтқанда, «Отырар» секторы бойынша 3951 абонент тексерілсе, соның тек 109 газ жабдығын тиісті талап деңгейіне сай пайдаланатыны анықталған. «Шауғар» секторында 4248 тұрғын үйдің — 478, «Яссы» секторында 4271 үйдің-248, «Бірлік» секторында 2236 үйдің — 709, «Бекзат» секторында 4100 үйдің тек -56-сы ғана газ жабдығын дұрыс қолданады. Қалғаны заң талаптарына сай емес екені анықталған. Түсіндіру жұмыстары кезінде «Газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі барлығы 709 көшедегі үйлерді аралаған.
Айта кетейік аталған мекеме тиіcті түсіндіру-зерттеу жұмыстары кезінде үйдің техникалық құжаттары, дербес шот, үй жоспарының жобасы, ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетуге мамандандырылған мекемелермен (ВДГО, ВДС) келісім шарт, желдету арнасы, тұрғын бөлмеде улы газды анықтайтын дабылқаққыштардың болмауы және мұржаны орнатуда кемшіліктер анықталған болса ескертулер береді.
Айта кетейік, біз бұған дейін абонентте аталған құжаттар болмаса «Газ инспекциясы» КММ табиғи газды пайдалануды уакытша тоқтатуға және аса қауіпті жағдайда тыйым салуға құқылы екенін хабарлағанбыз.