ӘЛ-ФАРАБИДЕ 50 БАЛАЛАР АЛАҢШАСЫ МЕН 9 АШЫҚ СПОРТ АЛАҢШАСЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

«Халық қатысатын бюджет» жобасы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Ағымдағы жылы Әл-Фараби ауданында аталған жоба аясында 59 мәселе шешімін тапқан. Атап айтар болсақ, 50 балалар алаңшасы және 9 ашық спорт алаңшасы ел игілігіне берілді. Осы және өзге де шешімін тапқан мәселелерді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті халықпен кезекті есепті кездесуі кезінде мәлімдеді.

Өз сөзінде қала әкімі «Былтыр 27 ауланы абаттандырдық, соның 14-ін халық қатысатын бюджетпен жүзеге асырдық. Биыл да құрылыс қарқыны жоғары. Мұның барлығы тұрғындардың атсалысумын атқарылуда» деп атап өтті. Жоспарға сай бұл межені 100 пайызға жеткізу үшін келесі жылы тағы 32 балалар алаңшасы мен 7 спорт алаңшасының құрылысы жүргізілетін болады. Шымкентте «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында, тұрғындар ұсынысымен өткен жылы 41 көпқабатты үй ауласы абаттандырылып, ойын алаңшалары құрылды. Биыл ІІ кезеңмен 73 көпқабатты және жеке сектор бойынша 6 мекенжай абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы тұрғызылуда. Жобаға енген «Базарқақпа» тұрғын алабы, Ю.Сареми көшесінде орналасқан 7 көпқабатты үйдің ауласындағы жұмыстар барысымен танысуға М.Әйтенов арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Абаттандыру жұмыстарымен қоса балалар ойын және тренажер алаңшасы салынатын аула жұмыстары қараша айының соңына дейін толық аяқталатын болады. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасының үлесі жыл сайын артып келеді. Мәселен Әл-Фараби ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 4 есеге артқан. Ауданды өткен жылы 14 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 59 жобаға қаржы бөлінді. 50 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 9 ашық спорт алаңшасы салынбақ. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын. 2023 жылы 32 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 7 ашық спорт алаңшасы салынса, 100 пайыздық меже орындалады. Жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.