САПАЛЫ МАМАН САЛАНЫҢ ДАМУЫНА АЙРЫҚША ЫҚПАЛ ЕТЕДІ
Шымкент қаласындағы академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру және насихаттау бойынша жиын өтті. Жиынға оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты, — деп хабарлайды uakit.kz.
Кездесу барысында университеттің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Бердіқұл Садықов мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттар, жастарға жүктелген міндеттер туралы әңгімеледі. Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың білімге ден қойып, өз ісінің білгір маманы болудың маңыздылығына тоқталды. «Мемлекет басшысының әр Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсетілетіні жөнінде айтылып келеді. Жастар қандай білім алса да, қандай кәсіп бастаса да мемлекет тарапынан қолдау барын сезінуі тиіс. Қазір ғылымды игеріп, кәсібін дамытып, тек алға қадам басатын кезең. Жас буын жасампаз болса, елдің болашағы да жарқын болары сөзсіз» – деді университеттің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Бердіқұл Садықов.
Кездесуде Жолдау аясындағы міндеттер, оны іске асырудың тетіктері айтылды. Жолдауда айтылғандай, жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болатыны анық. Осы тақырып аясында студенттер өзара пікір алмасты.
Айта кету керек, мемлекет басшысы жастардың заман талабына сай, бәсекеге қабілетті болуы керегін жиі айтып келеді. Елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына барынша жағдайлар жасалып жатыр. Оның ішінде Шымкент қаласында қолға алынған шаруа қыруар. Бүгінде мектеп оқушыларының белгілі бір кәсіптің қыр-сырына қанық болуына ықпал етер бастама қолға алынған. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы маңызды құжатта сөз еткен бастамалар мен міндеттер жайы да әуелгілерден болып жастарға түсіндіріліп жатыр. Себебі елдің ертеңі мен кемел келешегі дәл осы буынның танымы мен түсінігіне, білімі мен ізденісіне тікелей байланысты.