ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖОБА ЕРІКТІЛЕРІ БАЯНДАМА ЖАСАДЫ
Сыбайлас жемқорлық – қоғам үшін өзекті мәселе, өткір түйткіл. Өкінішке қарай, елімізде бұл бағыттағы қылмыстық құқықбұзушылықтар әлі де кездеседі. Әсіресе, білім саласына қатысты сын көп. Өз кезегінде, аталған саладағы жемқорлық деректерінің алдын алу бойынша кешенді шаралар атқарылып келеді. Атап айтар болсақ, құқық қорғау қызметкерлері тарапынан құқықбұзушылықтың заң алдындағы жауапкершілігі түсіндірілуде. Бұл ғана емес, өскелең ұрпақтың құқықтың сауатын арттыру шаралары да назардан тыс қалған емес. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Осы орайда, жуырда Түркістан қаласында арнайы жиын өткен болатын. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндауды дөн санап отырмыз…
Ашып жазсақ, жаңа оқу жылының басталуымен Түркістан облысындағы барлық білім беру ұйымдарында адалдық және академиялық мәселелеріне арналған ортақ «Адалдық сағатында» жемқорлыққа қарсы жобасының еріктілері баяндама жасады. Өскелең жас ұрпақтың бойына адалдық, парасаттылық құндылықтарын сіңіру және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында өткен шара аясында облыстағы 1000 білім ошақтары қамтылды. Игі бастамада еріктілердің ұсынысымен дайындалған жемқорлық фактілері туралы 1424 колл-орталығына хабарлау керектігін ескертетін жалаушалар таратылды. Сондай-ақ, Антикор еріктілер білім алушыларға адалдық пен парасаттылықты ту еткен тарих бетіндегі кемеңгерлердің құнды сөздерін алға тартып, лекторлық баяндама жасап, арнайы әзірленген бейнеролик көрсетті. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде «Жемқорлықпен күреске бүкіл қоғамды жұмылдыру керек. «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» деген қағиданы жұрт санасына орнықтыру – барлық мемлекеттік органның ортақ жұмысы. Бұған бір реттік науқан ретінде қарамау керек. Жемқорлықпен күресті заманауи, сапалы тәсілдер арқылы жүргізіп, түрлі аудиторияларға барынша таратқан жөн. Бұл жұмысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әлеуметтік салаға жауапты министрліктермен бірлесіп атқаруға тиіс» деп атап өткен еді. Бүгінде жүзеге асып жатқан жұмыстар ел Президентінің тікелей бастамасымен қолға алынған.
Естеріңізге сала кетейік, Антикор бей-жай қарамайтын азаматтарды «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына қатысуға шақырады. Ол үшін Түркістан қаласы, Тәукехан даңғылы №100 мекенжайына немесе +7(72533)26932, +77017877585 телефонына хабарласуға болады.