ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ГҮЛЗАР ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Шымкент қаласының 11- ші шағын ауданына қарасты гүлзардың құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Нысанның ашылуына қала әкімі М.Әйтенов, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты. Халықты жаңа гүлзардың ашылуымен құттықтаған шаһар басшысы, демалыс аймағын күтіп ұстаудың маңыздылығына тоқталып өтті.
Гүлзардың аумағы 1,600 гектарды қамтып отыр. Мұнда тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында амфитеатрмен қоса, құрғақ субұрқақ орналастырылып, жасыл көшеттер отырғызылды. Сондай-ақ, сыйымдылығы 140 м3 болатын жер асты су сорғысы қойылды.
Сонымен қоса ересектер мен балаларға арналған демалыс аймағы, шахмат, үстел теннисін ойнауға болатын ойын алаңы, велосипед қойылатын жер, биодәретхана, көше тренажерларының спорт және трансформаторлық қосалқы станциясы, арқан паркі қарастырылды.
Жалпы құрылыс ауданы – 87,00 шаршы метрді құраса, қатты жабын ауданы – 2302,00 шаршы метрді алып жатыр, ал көгалдандыру ауданы – 7488,00 шаршы метр.
Аталған нысанның құрылыс жұмыстары былтыр маусым айында басталып, белгіленген мерзімінен бұрын нысан пайдалануға берілуде.
Ресми ашылу салтанатынан соң қала әкімі тұрғындармен бірге гүлзарға ағаш көшеттерін екті.
Қараусыз қалғандай күй кешкен жердің әдемі әрі демалыс аймағына айналуы — көптің ризашылығын тудырды. Жергілікті жұртшылық игі іске алғыс білдірді.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында жасыл белдеуді дамыту мақсатында іс-шаралар жоспары бекітілген. Осыған орай ағаштарды электрондық есепке алу жүйесін енгізу мен аудандар бөлінісінде қала бойынша түгендеу жүргізу қолға алынады. 2025 жылға дейін Шымкентте жасыл аймақты 21544 га дейін ұлғайту жоспарланған.