ӨҢІРДІ ДАМЫТУ БАСТАМАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында экономикалық даму мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Облыстың әр аудан, қаласында атқарылып жатқан құрылыс, әлеуметтік және инвестициялық жобалардың барысы тұрақты бақылауда. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте өңірде іске асырылып жатқан маңызды жобалардың жай-күйі мен келешек жоспарлар талқыланды.
Жиынға облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбеков, өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қанат Шонбасов, сондай-ақ сала басшылары мен жауапты мамандар қатысты. Мәжілісте биыл іске асыру жоспарланған 121 іс-шара мен оның ішінде күрделі 14 жобаның орындалу барысы егжей-тегжейлі қаралды. Күн тәртібінде өңірдің экономикалық өсім динамикасы, «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аясында ауыл тұрғындарын жеңілдетілген несие беру арқылы қолдау, инвестициялық жобаларды ілгерілету, индустриалды аймақтардағы құрылыс жұмыстары, жер телімдерін тиімді пайдалану және қайтару, өрт сөндіру бекеттерінің құрылысы, су қоймаларының жобалары сынды маңызды мәселелер қозғалды. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша, 121 жобаның 41 пайызы толық орындалған. Қалған жобалар бойынша құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков жиналыста айтылған мәселелердің тек қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде шешілуі тиіс екенін ерекше атап өтті. «Бүгінгі жиналыста көтерілген түйткілдер тек талқыланып қана қоймауы керек. Әр істі уақытында әрі жауапкершілікпен орындау маңызды. Қай жерде мәселе туындаса, сол жерге барып, оны шешудің нақты жолын табу қажет. Барлық тапсырмалар мен жобаларды уақытылы орындау – басты міндет» деді Талғат Қозбеков. Мәжілісте талқыланған ірі жобалардың бірі – Кентау қаласында жүзеге асырылатын «Bereke Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы. Бұл жобаның жобалық-сметалық құны 360 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын қағаз майлықтар мен тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын өндіріс орнын іске қосу арқылы өңірдің өнеркәсіп саласына жаңа серпін бермек.
Сонымен қатар Түлкібас ауданында химия өнеркәсібін дамыту бағытында «Састөбе химиялық кешені» жобасы талқыланды. Бұл кешенде каустикалық сода, ПВХ, карбид кальций және цемент өндіру көзделіп отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда 500 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің экономикалық белсенділігі артады деп күтілуде. Бұл бастама облыстың индустриялық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, импортты алмастыру және отандық өндірісті дамыту бағытындағы нақты қадам болмақ. Индустрияландыру бағытындағы жобалармен қатар әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту ісі де назардан тыс қалған жоқ. Облыс аумағында білім беру нысандарын салу бойынша айтарлықтай нәтижелер бар. Биылдың өзінде 20 мектеп пайдалануға берілген. Оның ішінде 12-сі – жекеменшік білім беру ұйымдары болса, 8 мектеп «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында салынған. Тағы бір мектептің құрылысы толық аяқталып, ашылуға дайын тұр. Бұл жұмыстар өңірде үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге және балаларды сапалы біліммен қамтуға бағытталған. Мәжілісте Қазығұрт, Отырар және Сарыағаш аудандарындағы өрт сөндіру бекеттерінің материалдық-техникалық жағдайы мен ғимараттарын күрделі жөндеу мәселелері де қаралды. Өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аталған нысандардың инфрақұрылымын жаңарту жоспары бекітілді. Сонымен қатар жиында су ресурстарын тиімді пайдалану және су қоймаларының құрылысы бойынша да нақты шаралар айтылды. Бұл бағытта суармалы егістік алқаптарының көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығында суды үнемді пайдалану міндеттері қойылды. Су қоймалары мен каналдарды қайта жаңарту жобалары ауылдық жерлердегі өндірістің тиімділігін арттыруға ықпал етпек.


