ҚАУІП ТУДЫРАТЫН ЖЕРЛЕРГЕ ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Түркістан қаласында су тасқынын алдын алу мақсатында Шаға арнасын қалпына келтіріп, Шошқакөл ойпатына қосу шарасы жоспарланған. Аталған іс-шараны іске асыру үшін бюджеттен 300,0 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда нысан құрылысының бірінші кезеңі жүруде.
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қазіргі таңда аталған нысанның 2,6 шақырымында жер жұмыстары орындалғанын мәлімдейді. Оның ішінде 1,2 шақырымға бетондау жұмыстары жүргізілген. Тиісті жұмыстар «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені» Жол картасындағы басым бағыттардың бірі ретінде жүзеге асуда.
Су тасқынын алдын алу үшін қолға алынған бұл жұмыстар облыс әкімі бекіткен «Түркістан облысы 2022-2023 жылғы қыс-көктемгі су тасқыны кезеңінде дайындықты жүргізу бойынша атқарылуы тиіс инженерлік іс-шаралар жоспарына» сәйкес ағымдағы жылдың 1-қарашасына дейін орындалуы тиіс. Қазіргі таңда барлық тиісті мекемелермен қауіпті деген жерлерде зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті шараларды қабылдау үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Асқар Сейсенов қызыл судан қауіп келмес үшін алдағы күзгі және қысқы кезеңге жергілікті жолдар мен республикалық маңызы бар жолдарды, қар басуы мүмкін жол учаскелерінде су басу қаупін алдын алу жұмыстары пысықталып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кезекті аппарат отырысында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары сөз болған. Жиында облыс әкімі «Су тасқыны мен селдің алдын алу – маңызды мәселе. Бұл түйткіл бақылауда болуы тиіс. Төтенше жағдай департаменті бірнеше басқармамен бірлесіп, «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені» Жол картасын тағы да жүйелеуі керек. Қанша қаржы керек, қай аумақтардағы су нысандары бірінші жөнделуі қажет екенін саралап, бұл мәселені жүйелі түрде шешу керек»,- деген болатын.
Өз кезегінде Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, өңірдегі 7 су қойманы шұғыл түрде көп факторлы зерттеуден өткізіп, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екен. Сонымен қатар ол сырғыма және сел қауіпті аймақтарға 593 зерттеу жүргізілгенін атап өтті.
Жалпы Жалпы Түркістан облысында 41 су қойма, 12 су торабы және 120 (5 ірі) өзен бар. Оның ішінде 16 су қойма жөндеуді талап етеді.