ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУДА ТЫҢ ТӘСІЛДЕРГЕ БЕТ БҰРУДА

Қоғамдағы құқықбұзушылықпен күрес тек жазалаумен шектелмеуі тиіс. Қайта тәрбиелеу, әлеуметтік оңалту мен бейімдеу – бүгінгі құқықтық жүйенің басты бағыттарының бірі. Түркістан облысында пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға қатысты осындай кешенді көзқарас қалыптасып келеді. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар облыстық прокуратура ғимаратында өткен кеңейтілген жиында талқыланды.
Мәжіліске облыс прокурорының бірінші орынбасары Данияр Сыздықов төрағалық етті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, құқық қорғау органдарының жетекшілері, ҚАЖД және пробация қызметі өкілдері, облыстық басқармалар мен микроқаржы ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ 17 аудан мен қала әкімдері онлайн қосылды. Кездесуде негізгі назар пробация есебіндегі тұлғалардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу, оларды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік тұрғыдан бейімдеу, отбасыларына көмек көрсету мәселелеріне аударылды. «Біздің міндет – бақылау емес, адам тағдырына араша болу. Әлеуметтік-құқықтық қолдау – пробация жүйесінің басты тірегі болуы тиіс», – деді Данияр Сыздықов. 2025 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша Түркістан облысында 1 742 азамат пробация қызметінің есебінде тұр. Оның 1500-ден астамы – ер адамдар, 225-і – әйелдер. Бұдан бөлек, 230 адамның жоғары білімі бар, 256 адам әлеуметтік осал топқа жатады. 1 212 адам жұмыспен қамтылған, ал 452-сі – жұмыссыз. Бұл деректер әлеуметтік жағдайдың қылмысқа тікелей әсер ететінін көрсетеді. Тиісінше, құқық бұзушылықтың алдын алудың жолы – азаматтарды жұмысқа орналастыру, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету.
Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева есеп беріп, жыл басынан бері атқарылған шараларға тоқталды. Оған сенсек, 42 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі шалғай елді мекендерде ұйымдастырылып, нәтижесінде 436 адам мансап орталықтарына жүгінді. 128 азамат 81 мекемеге жұмысқа орналасты, бұл – бекітілген 194 квотаның 66 пайызы. 2 адам атаулы әлеуметтік көмек (АӘК), 30 адам мемлекеттік грант алып, 55 азамат «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында оқудан өтті. Мұндай қолдау шаралары – пробация есебіндегі адамдардың жаңа өмірге қадам басуына мүмкіндік беретін нақты механизмдер. Әлеуметтік оңалту жұмыстары тек жеке тұлғамен ғана шектелмейді. Бүгінде облыс аумағында 17 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істейді. Бұл орталықтар FSM Social мобильдік қосымшасы арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды автоматты түрде анықтап, оларға көмек көрсету мүмкіндігін арттырып отыр. Бейсенбай Тәжібаев жиын қорытындысында әлеуметтік мәселелердің түп-тамырына үңілу қажеттігін атап өтті. Өз сөзінде «Қайта қылмыс жасаудың себебі – көбіне отбасылық, әлеуметтік қиындықтарда. Тізімді қайта қарап, аудандарды аралап, мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіру қажет. Бетпе-бет жүздесу ғана шынайы жағдайды көрсетеді», – деді облыс әкімінің орынбасары. Жиын барысында облыс прокуратурасы мен ҚАЖД өкілдері атқарылған жұмыстардың есебін беріп, пробация қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар талқыланды. Нәтижесінде пробация есебіндегі азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағытындағы жаңа іс-шаралар жоспары қабылданды.
Түркістан облысында пробация қызметі тек құқықтық бақылау органы емес, азаматтарды қоғамға қайта бейімдеудің маңызды құрылымына айналуда. Әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, отбасылық ахуалды жақсарту – қылмыстың алдын алудағы ең тиімді жолдардың бірі екені дәлелденіп отыр. Бұл бағыттағы үйлесімді әрекеттер – тек бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін жасалып жатқан жұмыс.