ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУ БАСТЫ НАЗАРДА

Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде ақпарат-насихат тобы жұмыс істеп жатыр. Яғни жиындар ұйымдастырылуда. Осындай жиындардың бірі Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «АГФ групп» өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тігін фабрикасында жұмысшылардың қатысуымен өтті. Онда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жиын барысында Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Тахирбек Нышанбаев «Жолдауда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген міндеттер айқындалды. Өз мамандығым дәрігер болғандықтан, денсаулық сақтау саласына қатысты жаңалықтарға ерекше назар аудардым. Отандық медицинаның орнықты дамып келе жатқанын Шымкент қаласынан-ақ байқауға болады. Осыдан 5-6 жыл бұрын қалада 10 емхана халыққа қызмет көрсетсе, қазір емханалардың саны 42-ге жетіп отыр. Дәрігерлерге түсетін жүктеменің азаюы — медициналық қызметтің сапасының жақсаруына себеп болуда. Сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері медициналық қызметтің көптеген түрлерін тегін пайдаланып келеміз. Президент Жолдауда Үкіметке отандық медицинаны қаржыландыру жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде тапсырма берді. Бұл  халықтың денсаулығын сақтауға оң ықпал ететіні сөзсіз» деп атап өтті. Айта кетейік, кездесуге Шымкент университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Қуатбек Қалықұлов та қатысып, жұмысшылардың сауалдарына жауап берді.

Жуырда мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басым бағыттарды түсіндіру жұмыстары үшінші мегаполисте орналасқан фтизиопульмонология орталығында өткен еді. ОФО басшысы И.Құдайбергеновтың төрағалығымен өткен жиынға орталықтың дәрігерлері қатысты.  Спикер өз сөзінде «Президент Жолдауында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесі кеңінен сөз болды. Өйткені медицина – инвестиция салуға қолайлы сала, тек оған дұрыс жағдай жасау қажеттігі, сонымен қатар медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керектігі айтылды. Жалпы осы тақырып төңірегінде өз пікірлеріңізді білдіру маңызды» деп атап өтті. Қоғам саулығы мемлекет үшін қашан да айрықша маңызға ие. Өйткені ұлттық сапалық көрсеткіші елдің дамуына тікелей әсер етпек. Сондықтан мемлекет басшысы аталған сала турасында жиі сөз етіп, медицинаның дамуына айрықша көңіл бөліп келеді. Тіпті, Жолдауда да аталған салаға арнайы тоқталып өтті. Осы орайда, жиын барысында қоғамдық штаб мүшесі Рамазан Бектұрғанов «Мемлекет басшысы еліміздегі емдеу мекемесі жоқ 650 елді мекенде екі жылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілетінін айтты. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасамақ. Демек, денсаулық сақтау саласындағы шешімін табуы тиіс мәселелер кезек күттірмейді» деп атап өтті.