«МЫҢ ЖҮЙРІК» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

108
0

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған «Мың жүйрік» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Онлайн түрде өткен байқауға этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді еркін меңгерген балалары қатысты. Республиканың барлық өңірлерінен 5-12 жас аралығындағы 531 бала өтініш беріп, олар 4 бағыт бойынша бақ сынады. Атап айтқанда байқау «Ертегі әлеміне саяхат», «Тұлғалар тағылымы», «Мен ұнататын мамандық» және «Туған өлкеге тағзым» тақырыптары бойынша өтті. Қазылар алқасы балалардың жұмыстарын қарап шығып, үздік 10 оқушыны жеңімпаз деп таныған.
«Мың жүйрік» республикалық байқауын осымен екінші рет ұйымдастырып отырмыз. Бұл байқаудың мақсаты Мемлекет басшысының қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету жөніндегі тапсырмасымен үндесіп, үйлесіп жатыр. Мемлекеттік тілді білу – баршаға міндет. Тілдің маңызын арттырып қана қоймай, оны өскелең ұрпақтың бойына дарытуға әрқайсымыз атсалысуымыз керек. Бұл – ортақ міндетіміз. Бала жастан тілді үйретудің де маңызы жоғары» — деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов.
Мұратжан Шотанов республиканың әртүрлі өңірлерінен келген байқау жеңімпаздарын марапаттап, оларға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырды. Марапаттау рәсімінде қазылар алқасының мүшесі Зәуре Оралбаева мен Шымкент қаласы ҚХА төрағасының орынбасары Икрамжан Хашимжанов сөз сөйлеп, жеңімпаз атанған оқушыларды құттықтады.
Айта кету керек, жуырда Ұлттық инклюзивті спорттық ойындарында Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған» Үміт» мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің оқушылары «Голбол» спорт түрінен 7 команданың ішінен І-орын иегері атанған еді. Жеңімпаздар кубокпен, медальдармен және дипломдармен марапатталды. Ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалар арасында Республикалық «ЖҰЛДЫЗАЙ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Балалар жылы аясында өткізілген «Жұлдызай-2022» Ұлттық инклюзивті ойындардың республикалық кезеңі Алматы қаласында өтті. Ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларды спортқа тарту, оларды әлеуметтендіру және ерекше қажеттіліктері мен даму мүмкіндіктері бар балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спорттық шеберлігін шыңдауға бағытталған бірегей спорт алаңын қалыптастыруды мақсат еткен «Жұлдызай» спартакиадасын өткізу жыл сайын дәстүрге айналып келеді.
«Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында және Алматы қаласының орталық стадионында спорттың 6 түрі бойынша өткен болатын. Онда «шағын футбол», «үстел теннисі», «жеңіл атлетика», «голбол», «бочча», «бес тас» және «асық ату» ұлттық ойындары қамтылады.