Қорқордан қор болмаңыз!
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы, ҚР Бас мемлекеттік санитар Ж.М. Бекшиннің 2013 жылдың 14 наурыздағы №6 «Қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салуды енгізу туралы» қаулысы шықты.
Мемлекеттік санитарлық – эпидемиологиялық қадағалау комитеті ОҚО бойынша департаменті мамандарының ұйымдастыруымен «Қорқордың халық денсаулығына зиянды әсері туралы» тақырыбында 2013 жылдың 28-наурызында Шымкент қаласындағы Абай ауданы бойынша МСЭҚ басқармасында семинар өткізілді. Аталған семинардың негізгі мақсаты қорқордың адам ағзасына зиянды әсері туралы кең мағлұмат беру.
Семинар облыстық наркологиялық диспансер дәрігерінің, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, қалалық, аудандық МСЭҚБ мамандарының, «Атамекен» одағы ОҚО бөлімшесі бастығының қатысуымен өтті.
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемесі қорқордың адам ағзасына кері әсерін зерттеу мақсатында жоспарлы тексеру жұмыстары барысында қоғамдық тамақтану орындарынан және басқа да қорқор шегу орындарында оның түтікшесінен және сұйықтығынан зертханалық тексеріске сынамалар алынды.
Республикалық көрсеткіш бойынша сынамаға алынған қорқор сұйықтығының 45,2%-нан, түтікшесінен алынған гигеналық сүртіндінің 20%-нан ішек және көк іріңді таяқшалары, алтын түстес стафилакокк, ашытқы және грибок қоздырғыштары анықталған.
Шымкент қаласында орналасқан қоғамдық тамақтану орындарынан алынған гигиеналық сүртінділер мен қорқор сұйықтығынан көкіріңді таяқшамен алтын түстес стафилакокк анықталды. Бұл бактериялар жоғарғы тыныс алу жолдарының ауруларына алып келеді. Қорқор сұйықтығында осы қоздырғыштар жиналып, ауыз қуысының гингивит, пародонтоз, герпес және басқа да вирусты жұқпалы ауруларын туындатады. Сонымен қатар, қорқор арқылы гепатит, туберкулез сияқты жұқпалы аурулар да берілуі мүмкін.
Қорқор – бұл улардың, қарамайдың, канцерогендер мен бактериялардың өте зиянды қоспаларын адам ағзасына тез жеткізетін «сәнді» құрал. Қорқор түтінінің улылығы темекі түтінінен бірнеше есе жоғары, оның құрамында қара май мөлшері — 36 есе, көміртек монототығы — 30 есе, улы иісті газ — 8,4 есе, никотин -7,5 есе жоғары. Британия дәрігерлері қорқордың бір мәзірін шегілген 100 темекіге теңестірген. Түтінмен бірге, қорқор тартушының өкпесіне никотинмен қатар бензапирен-өкпе обырын туындататын және ДНК мутациясына төзімді, тұқым қуалаушылықпен берілуге икемді канцероген сияқты қауіпті заттар да сіңіріледі.
Қ.ЗЕКЕНОВА,
ҚР ДСМ МСЭҚК ОҚО бойынша департаменті тамақ нысандарының санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы.