ШЫМКЕНТТЕ БАС МҮФТИ АҚСАҚАЛДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

124
0
Шымкент қаласына ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент қаласында зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиын «Әл-Фараби» кітапханасында «Қариялық – даналық пен өмір тәжірибесінің қайнар көзі» тақырыбында қалалық ақсақалдар кеңесімен рухани кездесу өтті.  Кездесуге мемлекет және қоғам қайраткерлері – Орынбай Рахманбердиев, Бекет Тұрғараев, Шалатай Мырзахметов, Әбілқасым Досболов, Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Төлебаев, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Нұркөз Жаңабаев т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.
Бас мүфти ақсақалдар кеңесі мүшелерімен бірге қазақ халқының ертеден келе жатқан Ақсақалдар институтын ілгерілету, зиярат жасаудың әдебі, той өткізу салтына қатысты мәселелерді талқылады.
«Мен осы ретте өздеріңізбен той өткізу әдебіне қатысты пікірлескім келеді. Тойда қариялар алдында түрлі қылық көрсетіп, анайы билеу, әдепсіз ойындардың ұйымдастырылуы сіз бен бізді бей-жай қалдырмасы анық. Осы ретте тойды ұйымдастырушы азаматтарға айтарым: қуанышты бөлісудің өзіндік әдебін сақтасақ дегім келеді. Сіздер де осы мәселені өз орталарыңызда айта жүрсеңіздер деген тілегім бар. Екіншіден, ел ішінде ас беру мен зират көтеруде ысырапқа жол беріп жатқан жандар аз емес. Осы мәселеге де қарияларымыз назар аударып, қоғамның қаперіне сала жүрсе. Зәулім кесене тұрғызуға, аста-төк ас беруге жұмсалған артық шығын қайырымдылыққа, халықты ағарту ісіне берілсе нұр үстіне нұр болар еді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов жат ағымдармен күрес жұмыстарын жандандыру бойынша ұсыныстарын айтты. О.Рахманбердиев имамдардың білімін жетілдіру, жастар тәрбиесі бойынша ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, Бас мүфти «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде түрлі саладағы озық ойлы жастармен кездесіп, мектептің бүгін тыныс-тіршілігімен танысты. Наурызбай қажы Тағанұлы жастармен «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында әңгіме өрбітіп, мұндай дәстүрлі өнер мектептері ауадай қажет екенін, қазақтың тойлары дәстүр мен ұлттық құндылықтар арқылы насихатталуы керектігін айтты.