ТҮРКІСТАНДЫҚ ТӨТЕНШЕЛІКТЕР ТОП ЖАРДЫ
Әр жылдың 19 қазаны – Құтқарушылар күні. Осыған орай аптаның жұмасында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ардагерлері мен қызметкерлері арасында кіші футболдан жарыс өтті,-деп хабарлайды uakit.kz.
Облыс орталығы Түркістан қаласында өткізілген жарысқа 18 команда қатысты. Жарыстың ережесі бойынша командада ойын көрсетушілер 35 жастан асқан қызметкерлер мен ардагерлер болды. Құтқарушылардың кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған жарысқа қатысушы ойыншының ең егдесі 66 жастағы ардагер.
Жарыстың нәтижесі бойынша Түркістан қаласының құрама командасы бірінші орынды жеңіп алды. Жүлделі екінші орынды Түлкібас ауданының командасы алса, үшінші орынды Сайрамнан келген қатысушылар иеленді.
Жарыс кезінде «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы» номинацияларымен өрнекті ойын көрсеткен қатысушылар марапатталды. Ұйымдастырушыларды құтқарушылардың кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған жарыс кезіндегі қызметкерлердің ойынға физикалық және техникалық дайындықтарының жоғары деңгейде екенін көрсете алғаны тәнті етті. Ал ардагерлер қауымы жарыс арқылы әлі де тың екендерін көрсетті.
Бұл шараның мақсаты – жас ұрпақты салауатты өмір салтына және спортқа баулу болып табылады.
Айта кетейік, биыл төтенше жағдайларға қарсы қызметтің құрылғанына 27 толады. Осыдан жиырма жет жыл бұрын, дәлірегі 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Осының негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді.
Құтқарушылар азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс iстеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резерв қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, апаттық құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды.
Құтқарушылар еліміздің «Азаматтық қорғау туралы» заңы бойынша іс-шараларды жүргізу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді әрі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын алдын алуға және жоюға, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Құтқарушылардың ұстанымы – адамдар өмірін құтқару. Ең басты миссиясы халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға мүлдем жол бермеу. Кез келген апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Құтқарушы болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған зор батылдық, үлкен жүрек, толысқан тәжірибе мен табандылық керек. Ең бастысы білім мен білік болуы тиіс.
Бүгінде еліміздің әр өңіріндегі департаментте жедел құтқару жасағы, өрт сөндіру, апаттық медицина, судан құтқару секілді бірнеше құрылым бар. Құтқарушыларға физикалық жағынан мықты әрі кәсіби маман болу жеткіліксіз. Өйткені, олардың тынымсыз қызметінде апат, зілзала, өрттен бөлек түрлі жағдайларда зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге де тура келеді.