ЖАҢА ЭНЦИКЛОПЕДИЯНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

96
0

Шымкентте «Шымкент қаласының энциклопедиясы» кітабының тұсаукесері өтті. Шара Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде болды. Былтыр «Шымкент қаласының көне тарихы» кітабы жарық көрген болатын. Енді тарихшы, жазушы Момбек Әбдәкімұлы «Шымкент қаласының энциклопедиясы» кітабын өз мерзімінде аяқтап, оқырманға ұсынып отыр.

Кітаптың тұсаукесеріне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Жиынды белгілі әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек жүргізді. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан энциклопедияның жазылу тарихы мен маңызына тоқталып өтті. Нақтырағы «Шымкент қаласының энциклопедиясы» кітабының жарыққа шығуына қала әкімдігі қолдау көрсетті. Энциклопедия әдетте бір институт жұмыс істейтін еңбек. Ал бұл кітапты Момбек Әбдәкімұлы жалғыз өзі жазып шықты. Бұл – үлкен, құнды еңбек. Жастарды саналы азамат болып өсуге тәрбиелеу, қаланың дамуында еселі еңбек еткен азаматтарға құрмет көрсету, қаланың тарихын таныту мақсатында жарық көрді. Жоспарға сәйкес кітап 1,5 жылда аяқталып, 1,5 мың данамен жарық көрді» деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Тұсаукесері рәсәмінде Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов кітаптың жазылу тарихын және жазушының шығармашылығы жөнінде өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев, филология ғылымдарының кандидаты Амангелді Мамыт, оқу орнының ректоры Гүлжан Сүгірбаева жазушының шығармашылық қырлары жөнінде баяндама жасап, кітаптың мән-маңызын атап өтті. Бұдан бөлек, композитор Құралай Сәтмұхамбетова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Құрман Шойынбаев әннен шашу шашты. Аталған энциклопедияда қаланың тарихына қатысты құнды деректер топтастырылған. Нақтырағы, қала тарихы, оны басқарған тұлғалардың қысқаша өмірбаяны, ғалымдар, еңбек озаттары, өнер адамдары, өндіріс орындары, мәдени ошақтар, барлығы қамтылған.