ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖАЙЫН БАЯНДАДЫ

Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жайын тарқата айтып өтті. Күні бүгінге дейін қандай шаруалар атқарылды? Нәтиже қандай? Жоспарлар не дейді? Тарқатайық…

Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар төңірегінде баспасөз брифингін берген болатын. Онда аудан басшысы «Аудан аумағында табиғи газбен қамтылған елді мекен саны – 18. Жартылай қамтылғаны – 3, мүлде қамтылмаған – 3 елді мекен бар.  Биыл аудан аумағын табиғи газбен қамту көрсеткішін 90 %-ға, 2023 жылы 96%-ға арттырып, 2025 жылы ауданда жалпы табиғи газбен қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу межесі қойылып отыр» деді. Бүгінде ауданда асфальтталып жатқан 26 нысан (19.8 км), толық асфальтталған 49 нысан (48.5км) бар. Жыл соңына дейін 14 нысан асфальттанады.  Ал, 2025 жылға дейін ұзындығы 441,2 км құрайтын 466 көшенің жолдары асфальттанатын болады. Өткен жылы ауданда жарықтандыру көрсеткіші – 31 көшені құрады. Ағымдағы жылғы көрсеткішті 39-ға жеткізу жоспарда бар. Жалпы Қаратау ауданында жыл басынан бері инженерлік инфрақұрылымды жақсарту ісіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Бүгінде сапалы электр жарығы, ауыз су мен көгілдір отын тарту жұмыстары қарқын алған. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек. Аудан әкімінің айтуынша, ауданның сапалы ауыз сумен қамтылған елді мекені -17. Осы жылы 6 елді мекен (Тұран, Достық, Қайнарбұлақ, Тассай, Асар-2, Нұртас),  ал келесі жылы «Бозарық» елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жартылай қамтылғаны – 3. Сонымен қатар бес елді мекен кәріз жүйесімен толық қамтылса, 19 елді мекенді кәріз жүйесімен қамту үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.  Кәріз жүйесі бойынша жалпы 5 жобаның (Мирас, Асар-2, Тассай, Достық, Тұран) құрылысы жүргізілуде. Ал, 2023 жылы нақты 6 жобаның (Тұран, Тассай, Асар-2, Нұртас, Достық, Ақжайық) құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарға қойылуда.