Оңтүстік өнері түркиялық көрерменнің ыстық ықыласына бөленді

435
0

 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Шарафиева Ғалия Аликенқызы мәлімдеді.
Түркия мемлекетінде VIII «Халықаралық Рамазан» фестивалі аясында өткен «Қазақстан кеші» концертіне Оңтүстік Қазақстан облысының өнер тартуын арқалап 36 өнерпаз барып қайтты. Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Кечиөрен муниципалитеті мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған қос ел арасындағы мәдени байланыс Анкара, Адана, Мерсин, Ыстанбұл қалаларында кең көлемді концерттік бағдарламамен ерекшеленген болатын.

32707
Бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ортақ мәдениетті қалыптастыра отырып, әдеби, рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында қолға алынған айтулы шарада өнер көрсеткен ел өнерпаздарына Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі және аталған мемлекеттің мәдениет басшылары айрықша қолдау білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Күні бүгінге дейін күнгей өлкенің мәдениет майшамын маздатып, даңқты елдің дара өнерін республикалық, халықаралық сахна төрінде танытқан әннің дарабоздары, бидің тұсау салдырмас тарландары түркиялық көрерменнің шаттық шапалағына көмілсе, қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп ата әнін жатық нотада өрген дәстүрлі әншілер елдің ұлттық әуендерін әуелетіп, тарихи мәнге толы гастрольдік сапарда айрықша із қалдырды. Оның дәлелі, Түркия мемлекетінің ақпарат беттерінде елдің сәлемін арқалай барған Оңтүстік өнерпаздарының жарқын бейнелері көрініс табуы болатын.
Сонымен қатар, VIII «Халықаралық Рамазан» фестивалі аясында Түркияның бас қаласы — Анкараның Кечиөрен ауданында жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі де жылдың айрықша жаңалығы ретінде орын алды.
Брифинг барысында облыстық мәдениет басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Шарафиева Ғалия Аликенқызы сапардың сәтті қадамдары мен Елбасы мақаласы аясында жүзеге асқан қос ел арасындағы еңселі жобаның жалғасын табатындығы жөнінде әңгімелесе, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әртісі Әбдірайымова Сәбираш Бимұрзақызы апталық сапар шеберлікті шыңдау мен мәдени қарым-қатынастың нығаюына ерекше әсер беретіндігін жеткізді. Бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесу барысында «Қазақстан кеші» концертіне қатысушы өнер майталмандары алған әсерлерімен бөлісті

Суретті түсірген: Аят Әсетұлы.