МҰЗ МҰҢ ӘКЕЛМЕСІН!

Қыстың қаһары қарашада сезіледі. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны суық жартыжылдыққа маусымдық болжам жасады. Синоптиктер қараша айында республиканың бүкіл аумағындағы ауа температурасы климаттық норма шамасында болжанатынын, жауын-шашынның таралуы еліміздің батыс жартысында нормадан аз, шығысында  нормаға жуық болатынын ескертеді.

Барикалық түзілімдер мен синоптикалық процестердің жиі өзгеруімен бір ай ішінде ауа температурасының ауытқуы, тұман және көктайғақ құбылыстары болжанады. Ал қар жамылғысының орнатылуымен және елдің солтүстігінде желдің күшеюімен бұрқасын болуы мүмкін.

Қарашаның бірінші онкүндігінде әлі де жылы ауа райы сақталады. Алайда айдың екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағына Солтүстік теңіз, Батыс және Шығыс Сібір аудандарынан суық ауа массалары жиі енетін болады.

Осыған байланысты Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қыс қаһарына мініп, су беті тоңдана бастайтынын ескертеді. Және тоңның қыңыр тосын мінез танытуынан қорғану амалдары туралы сақтық шараларын қаперде ұстауды ескертеді,-деп хабарлайды uakit.kz.

Мұздың қаттылығын көзбен-ақ  көріп байқауға болады. Егер мұздың түсі көгілдір болса – берік, ақ болса – беріктігі екі есе аз дегенді білдіреді. Ал егер мұздың түсі ақшыл сұр, күңгірттеу болса, бұл мұздың үстімен жүру тұрмақ, маңайына жолау қауіпті дегеннің белгісі.

Мұз үстіне қас қарайған шақта және ауа-райы қолайсыз кезде атап айтқанда, тұман, қар, жаңбырда мүлдем шықпаңыз.

Өзеннің арғы бетіне шықпақ ойыңыз болса, өткелмен өтіңіз. Бұл әлдеқайда қауіпсіз.

Мұзды аяқпен теуіп, тексеруге болмайтынын ұмытпаңыз. Егер, бірінші тепкіден аз мөлшердегі су көрінсе немесе мұз бетінде аз-кем жарықшалар пайда болса, мұз жұқа және оның үстімен жүруге болмайды дегенді білдіреді. Бұл жағдайда міндетті түрде судың жағасына келген ізіңізбен кері қайтыңыз. Аяғыңызды иық тұсымен мұздан алмай, жеңіл адымдап жүріңіз, себебі, күш бір нүктеге түспеуі керек.

Мұздан өтерде, осыған дейінгі салынған әдеттегі ізбен жүріңіз, егер бұндай із болмаса, айналаңызға мұқият қарап, жететін орныңызды жете біліп алыңыз.

Топ болып мұздан өтетін болсаңыздар, мұзға аса қатты салмақ түсірмеу үшін  бір-біріңіздің арақашықтық (5-6 метрдей болатын етіп) сақтап жүріңіздер.