«ШЫМКЕНТ МАЙ» КӘСІПОРЫНЫНЫҢ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ЖОЛДАУ ЖАЙЛЫ ОЙЛАРЫН ОРТАҒА САЛДЫ

72
0

Бүгін Шымкент қаласындағы «Шымкент май» акционерлік қоғамында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру аясында жұмысшылармен кездесу өтті, деп хабарлайды Uakit.kz.

Кездесуде Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рүстем Әшетаев Жолдаудың басым бағыттарын түсіндіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Бұл Жолдау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының кезең-кезеңімен ойдағыдай жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Себебі, біздің қоғамда «Қазақстанның табиғи байлықтарының игілігін не себепті тікелей халық көрмейді» деген мәселе көптен бері айтылып жүрген болатын. Биылғы Жолдауда Ұлттық қордың инвестициялық табыстарының тең жартысын балалардың есепшотына түсіру жөнінде бастама көтерілді. Бұл биліктің қоғамдық пікірмен, халықпен санасып отырғанын дәлелдейді. Мұндай бастамалар мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты жетілдіріп, өзара сенімді күшейтуге негіз болады», – деді Р.Әшетаев.

Оның айтуынша, халық өкілдерінен құралған Қоғамдық кеңестің рөлі мен маңызы артқан. Бұл кеңес қаланың тыныс-тіршілігі мен дамуына қатысты маңызды шешімдерді талқылауға және қабылдауға атсалысады. Бұл да қоғамның одан әрі демократиялануының айғағы.

Кездесуде жұмысшылар Жолдау жайлы ойларын ортаға салып, өздерін мазалаған сауалдарын қойып, оларға жан-жақты жауап алды.

Айта кету керек, осындай жиынның бірі жуырда «Петроказахстан» компаниясының қызметкерлерімен жиын өтті. Жиында қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, жеке кәсіпкер Ербол Жолбарысов Жолдаудың мән-маңызына тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономикалық және әлеуметтік салаға көңіл аударды.  Соның бірі – ең төменгі жалақы мөлшері 2023 жылдан бастап 70 мың теңге болады. Қазіргі таңда экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып, шағын және орта кәсіпті дамыту маңызды болып тұр. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің орны бөлек. Көптеген жұмыс орны осы жоба аясында іске асырылуда. Ал әлеуметтік даму дегенде ойға, ең алдымен, денсаулық сақтау саласын дамыту, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының өсуіне мораторий жариялау, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды.  Бұл ел игілігі үшін жасалып отырған нақты қадамдар» — деді жиын барысында Е.Жолбарысов.