ТӨРТ ЖАРЫМ МЫҢ ТҰРҒЫНДЫ ТӘЛКЕК ҚЫЛЫП…

462
0

Сайрам ауданының орталығы   Ақсукентте халық тығыз қоныстанған.       Жыл сайын өскен тұрғындардың       санында есеп жоқ. Соңғы 10 жылда        округ тұрғындарына бiрде-бiр телiмдiк    жер берiлген жоқ. Есебiн тапқандар        алып та жатыр. 2008-2009 жылдан жер телiмiне кезекке тұрған 4508 азаматқа     жер телiмiн алу жөнiнде қолдарына    шешiм берiлдi. Халықтың қуанышында  шек жоқ. 10000 теңге төлеп, жердiң сызбасын да жасатып қойды. Бiрақ        содан берi жер де жоқ, қайтарылған   ақша да жоқ, 4,5 мың тұрғынның              тағдырын тәлкек еткен шенеунiктер миығынан күлiп жүр.

 «Бақсақ, бақа екен» дегендей, 4508 азаматқа бөлiнген жер телiмдерi 148 шаруа қожалығының 49 жылға жалға алған жерлерi болып шықты. Мұны аудандық прокуратура, өңiраралық жер инспекциясы анықтап, берiлген жерлердi заңсыз деп тапты. Халықтың қандай кiнәсi бар, содан берi табандарынан тозып, өздерiне тиесiлi жерге қолдары жетпей дiңкелеген олар кiмге барып мұңын шағарын, кiмге барып жырын айтарларын бiлмедi. Бұл мәселеге облыстық прокуратура да аралысып, кiнәлi жандарға жаза көру туралы ұсыныс хат та жолдады. Сол кезде тұрғындарға шүлен таратқандай шешiмдi оңды-солды таратқан ауыл әкiмiнiң де, аудан әкiмiнiң де қылшықтары қисайған жоқ, екеуi де облыстағы майлы да, жайлы басқармаларға бастық болып кеттi. Қарапайым халықты тәлкек қылып, бiлгендерiн iстеп жүргендерге заң жоқ екен, заңдылықты қадағалайды деген құқық қорғау органдарының беделi қандай екендiгi белгiлi болып қалды.

Халыққа тиесiлi жердi қайта заңдастырып, мүмкiндiгiнше қанағаттардыруға әрекеттенген Ақсукент ауылдық округi әкiмдiгi тағы кедергiге ұшырады. Елден естуiмiзше, облыс әкiмiнiң бiр орынбасары: «Жер берiлмесiн, барлық шешiм заңсыз деп табылсын» деген тапсырма берген көрiнедi. Ол қайдан шыққан дәу өзi? Халықтың мүддесiн ойлаудың орнына, оларды ашындырып, тәлкек етудiң жөнi бұл болмаса керек-тi.

 Қыдыр ҚАЛИЕВ.