ИГЕРIЛМЕГЕН ҚАРЖЫ ҮШIН БАСШЫЛАР ЖАУАПТЫ
Шалғай ауылдардарда тұрғындар ауызсудың азабын тартып, жолдың «жырын» айтудан жақтары талмаса, халықтың қамын ойлауы тиiс әкiмқаралар елдiң мұқтажына бөлiнген қыруар қаржыны игере алмай, «сен салар да, мен салардың…» күйiн кешiп жүргендерi кемшiлiк пе, әлде қылмыс па? «Бөлiнген қаржыны игермеу — қылмыс» деген облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтың өткен жылғы айтқан ескертпесiн аудан, қала әкiмдерi, басқарма басшылары қаперiне алар емес. Биылғы алғашқы жартыжылдықта тағы да сол, игерiлуi тиiс қаржының 5 миллиард 766,2 миллион теңгесi мұрты бұзылмаған күйi қалып қойды. Бұл өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда 2,5 есеге көп деген сөз.
647,8 миллион теңгенi игере алмай қалған облыстық бiлiм басқармасы дер кезiнде конкурс өткiзудi қаперге алмай, нәтижесiнде үйде бiлiм алатын мүгедек балаларды компьютермен жабдықтай алмағандары өкiнiштi-ақ. Мектептердi күрделi жөндеуден өткiзуге белсендiлiк таныта алмаған Сайрам, Ордабасы, Мақтарал аудандары бұл мақсатқа бөлiнген қаржыны жарым-жартылай ғана игергенiн қалай түсiнуге болады? Шымкент қаласы мен Шардара ауданында бiрнеше әлеуметтiк маңызы бар нысандарға бөлiнген қаржының не себептен игерiлмегендiгiн мердiгерлердiң жауапсыздығына жаба салған әкiмдер не себептен ондай жауапсыз мердiгерлердi конкурсқа қатыстыруға құлықты болған. Осының кесiрiнен мектеп салынбай, жол жөнделмей, құрылыс басталмай қалғаны үшiн басшылар халықтан кешiрiм сұраулары керек едi. Алайда олай емес, бұл бiр қалыпты жағдайға айналғандай. Шенеунiктерге салсақ, түк болмағандай алшаң басады. Облыс әкiмi мұндай жағдайды «қылмыс» деп бағалайды, әйтсе де жауапкершiлiкке тартылып жатқан бiр басшыны көрмеймiз.
Облыстың бас қаржыгерi осындай олқылықтарды баяндай келе, құрылыс жұмыстарының кеш басталуына байланысты ағымдағы жылға қаралған қаржының игерiлмей қалу қаупi барын да жасырмайды. Қазақ мұндайда: «Сенген қойым сен болсаң…» деушi едi. Сол айтпақшы, жайбарақаттыққа салынып отырған бас қаржыгер неге кiнәлiлердiң шаңын қағып, мәселелерiн қарауды облыс әкiмiнiң алдына батыл қоймайды? Жоқ әлде, өткен жылғы қақаған қыста Кентаудағы жылу орталығында болған апат, су тасқынынан зардап шеккен аудандардағы ахуал, апатты жағдайда бiлiм алып жатқан бүлдiршiндер қамы, сырқат жандарға берiлетiн алғашқы көмектiң зәрулiгi ешкiмдi де ойландырмағаны ма?
Алты айда игерiлмеген қаржының көлемiнен бас айналады. Халықтың ең зәру қажеттiлiгiн шешуге бағытталған қаржы жауапсыз басшылар мен тiрлiктерi түсiнiксiздеу мердiгер компаниялардың кесiрiнен тиiстi мақсатқа жұмсалмады. Егер мұндай сорақылыққа дер кезiнде тосқауыл қойылмаса, дерт асқына келе, соңы сергелдеңге айналатынын ұмытпайық.
Е.СӘРСЕНБИН.